Жамбыл облысында шетелдіктің көлігінен қылмыстық іздеуде жүрген қару табылды,- деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Талас аудандық полиция бөлімінің лицензиялау-рұқсат беру қызметінің қызметкерлері ЖП ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы тобымен бірлесіп, Талас ауданы Ақкөл ауылдық округінің «Тараз-Ақкөл-Тоғызкент» автожолында 22 жастағы ер адамның басқаруындағы «Toyota Prado» автокөлігін тоқтатты. Автокөлік құралын тексеру барысында артқы жолаушылар орындығында оптикалық көздегіші мен патрондары бар аңшылық шолақ мылтық табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алдын ала тексеру барысында бұл қару Алматы қаласында Алмалы ауданында 2016 жылдан бері қылмыстық іздеу санатында тұрғаны анықталды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚКнің 287-бабы 3-бөлігі (атыс қаруын (тегіс ұңғылы аңшылық қарудан басқа), оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, баллистикалық сараптама тағайындалды», - делінген хабарламада