2030 жылға қарай су тапшылығы 23,2 текше шақырымды құрауы мүмкін. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағыны 120 текше шақырым болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 текше шақырымды құрайды. 2030 жылға қарай өзен ағынының одан әрі 99,4 текше шақырымға дейін қысқаруы болжануда. Су ресурстарының қысқаруы және халықтың, экономиканың және экологияның қажеттіліктеріне су тарту өскен жағдайда Қазақстанда су ресурстарының тапшылығы 2030 жылға қарай 23,2 текше шақырымды құрауы мүмкін», - деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, бұған бірқатар фактор әсер етеді.
Бәрінен бұрын климаттың өзгеруі, су ресурстарының республиканың аумағы бойынша біркелкі бөлінбеуі және соған байланысты су ресурстарына жүктеме болып тұр.
«Су ресурстарына қатысты жағдай аймақтарда айтарлықтай өзгеруімен күрделене түседі. Елдің шығыс аймағы су ресурстарымен барынша қамтамасыз етілген. Орталық Қазақстан ең аз қамтамасыз етілген. Көршілес елдерге ең тәуелді оңтүстік және батыс аймақтар. Болжамдалған су тапшылығы оңтүстік және батыс аймақтарға да көбірек әсер етеді. Бұдан басқа, су саласының ағымдағы жай-күйінің ең өзекті проблемалары ескірген инфрақұрылым және сонымен байланысты үлкен шығындар, сапалы судың тапшылығы, тариф белгілеудің әлсіз тетігі, іргелес мемлекеттермен су бөлу мәселелері, су ресурстарын басқару кезінде қабылданатын шешімдерді әлсіз ғылыми сүйемелдеу және білікті кадрлардың жетіспеушілігі болып қалуда», - деді Серікқали Брекешев.