19 жел, 2019 сағат 09:47

2025 жылға қарай Қазақстанда халықтың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді

2025 жылға қарай Қазақстанда халықтың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 триллион 180 млрд теңге бөлу қарастырылған. Елбасы тапсырмасын орындау барысында денсаулық сақтау шығындарының үлесі жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына жеткізіледі. Ол үшін алты жылда денсаулық саласына барлық көздерден жалпы 25,8 триллион теңге жұмсалады», -деді 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырған министр.

Оның атап өтуінше, денсаулық саласындағы жалпы шығындар ішінде инвестициялар көлемі 2,8 триллион теңгені құрайды. Жеке инвестициялар үлесі орташа 70 пайызға өседі. Инвестициялардың 43 пайызы ірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларға жұмсалады.

«Бағдарламаны орындау арқылы бір адамның денсаулығына шаққанда шығындар 279 мың теңгеге жетеді. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңарады, және келесі төрт мақсатты индикаторға қол жеткізіледі. Негізгі созылмалы аурулардан ерте өлім қаупі 20 пайызға, ана өлімі 17 пайызға, нәресте өлімі 19 пайызға төмендейді. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді. Бағдарлама жобасы халықпен, мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдармен, барлық мемлекеттік органдармен, Президент Әкімшілігімен келісілген», - деді Елжан Біртанов.