2020 жылдың қорытындысы бойынша өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны 37 мың адамға азайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Пандемия кезінде еңбек нарығына айтарлықтай зиян тиді. Соған қарамастан өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс күшінің саны 9,2 млн адамды құрайды. Оның ішінде жалдамалы жұмыста 6,7 млн адам еңбек етеді. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны - 2 млн адам. Ал жұмыссыз саны 449 мың адам болды. 2018 жылмен салыстырғанда жұмыс күші 43 мың адамға көбейді. Ал өзін өзі жұмыспен қамтығандар 37 мың адамға азайды», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, 2019 жылдың 4-тоқсанында уақытша жұмыс істейтіндердің саны 99 мың адам болса, 2020 жылдың 2-тоқсанында олардың саны 536 мың адамға жетті.
«Бірақ, тиісті іс-шараларды қолданудың арқасында жылдың соңында бұл көрсеткіш төмендеп, 147 мың адам болды. Бұл қолданылған іс-шаралардың тиімділігін және экономиканың тұрақтылығын көрсетеді. Жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз мөлшерінде сақтап қалдық», - деді Ержан Біржанов.