26 мам, 2021 сағат 11:28

20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік болады - Серік Шәпкенов


Мүмкіндігі шектеулі балалар тұрғын үй кезегіне тұру құқығына қатысты жаңа норма енгізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тиісті заң жобасын қарау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр. 

«Құжатта мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді. Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді», - деді Серік Шәпкенов.