03 қар, 2022 сағат 08:58

"188 миллион теңге ақшамнан, үйімнен, жерімнен айырылдым" - Алматы тұрғыны


Алматыда QI Trade Kazakhstan компаниясына 100 миллиондап құйып, сан соғып қалғандар полиция департаментінің алдына жиналды. Қаржы пирамидасының басшылары үш мың адамның 15 миллиардтан астам ақшасын қалтасына басып, шетелге қашып кеткен, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Екі жылдан бері ақшасын өндіре алмай жүргендер тергеудің сиырқұйымшақтанып кеткеніне ренжулі. 

Оңай олжа табамын деп опық жеген салымшылар Алматының полиция департаментінің алдына келді. Әрқайсысы QI Trade Kazakhstan-ға қомақты қаражат құйып, ай сайын дивиденд алып отырмақшы болған. Түсетін пайда да компанияға салған ақшаға байланысты деп сендірген екен. Яғни, "қаншалықты көп құйсың, сыйақысы да соншалықты көп болады". Осылайша аңғал халық осы уақытқа дейін тапқан-таянғанын күмәнді ұйымға салыпты.

"Мен 188 миллион теңгемнен, баспанамнан, коттеджімнен, пәтерімнен, жерімнен, бәрінен айырылдым. Осыларға сенгенімнен банкте жатқан ақшамды алып, барлық үйімді сатып ақшасын осында салдым. Мен бұл компанияға сендім, олар мені алдады.

...Бір танысым апарған. Оның алдында №34 автобуста, метрода жарнама жүрді. Оны да көрдім. Кейін танысым сол компанияға ақша салып жатқаныма екі  жыл болды деді. Соған сеніп бардым. Директорға кірсем: «Апай, банкте ақша ұстамаңыз, ол – харам» деді. Кабинетінде үлкен Құран кітап тұр. «Мен анамды екі рет қажылыққа апарып келдім, намаз оқимын, Құдайдан қорқамын» деді" - дейді Алматы тұрғыны Фатима Низамова.

Енді зардап шеккен салымшылар күдікті ұйым басшыларының тезірек ұсталып, заң жүзінде жазаға тартылуын талап етіп отыр. Әрі компанияға құйған қаражат толық қайтарылса екен дейді.

"Ең бірінші бастаған кезде компанияда Әбдіжаппаров деген болды. Сол Әбдіжаппаровты іздеумен айналыспай жатыр. Ол кісі Ресейде, Мәскеуде, анда-мында дейді. Екі жылдан бері ұстайтын уақыты болды. Одан кейін Сағымбаев Нұрлан деген жігіт, бүкіл конференцияның бәрін жүргізген. Іздестіру шарасы дұрыс жүрмей жатыр. Әбдіжаппаров пен Сағымбаев екі жылдан бері неге ұсталмайды? Басшыларын ұстамағандықтан, қол астындағы менеджерлерді ғана ұстап, солармен ғана сот болып жатыр. Ол соттың өзіне қанағаттанбаймыз" - дейді Алматы облысының тұрғыны Жанагүл Оразахынова.

Ал полицейлер жеті күдіктіні жер-көктен іздеп жатқанын жеткізді. Қаржы пирамидасына қатысы барлардың әрқайсысы әртүрлі мемлекетте бой тасалап жүр екен.

"Алматы қаласы полиция департаментінің өндірісінде тек іздестіру ісі бар. Іздестіру ісіне сәйкес 7 сезіктіні ұстауға және оларды құрықтауға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Полиция департаментінің оперативті қызметкерлерімен барлық арнайы іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр. Сезіктілер міндетті түрде ұсталып, жауапқа тартылады" - деп түсіндірді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.