Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша 18 жасқа толғанға дейін балалардың есепшотында қанша ақша жиналуы мүмкін екені айтылды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-парақшасында жазды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады.
Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады.
Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады" - деп жазды ол.