15 қыркүйектен бастап 150 мыңнан астам адам емхананы таңдау құқығын пайдаланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сілтеме жасап.
Қордың мәліметінше, 150 мыңнан астам адамның 76 мыңы емханаға алғаш рет тіркелген.
132 мыңнан астам қазақстандық МСАК жеке меншік медицина ұйымына, қалған 20 мыңы мемлекеттік нысанды таңдаған.
«Емханаға бекітілу қорытындысы бойынша медициналық ұйымдарды келесі жылға қаржыландыру көлемі қалыптастырылады. Сондықтан емхананы ауыстырған азаматтар онда ТМККК және МӘМС бойынша көмекті тек 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап алады. Осы уақытқа дейін оларға бұрынғы медициналық ұйымда қызмет көрсетіледі», – деп түсіндірді қордың баспасөз қызметі.
Бір қызығы 169 мың азамат елдегі бірде-бір емханаға тіркелмеген.
Тіркеу науқанына барлығы 521 МСАК объектісі: 296 мемлекеттік ұйым және 225 жеке меншік ұйым қатысты. Олардың барлығы денсаулық сақтау субъектілерінің деректер қорына тіркелген.
Естеріңізге сала кетейік, тіркеу кезінде емхананы таңдауға болады, сондай-ақ жылына бір рет оны ауыстыру құқығы бар. Егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырса, басқа елді мекенге көшсе немесе ол тұрған емхана қайта ұйымдастырылса немесе жойылса да, басқа медициналық ұйымға тіркеледі.