15 нау, 2022 сағат 21:35

1,5 миллион долларға басшылық қызметке орналастыруға уәде еткен күдіктілер ұсталды


Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан полициясы, ҰҚК Ақтөбе және Қарағанды облыстары бойынша департаменттерімен бірлесіп, аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа күдікті адамдар тобын ұстады, - деп хабарлайды  ҰҚК баспасөз қызметі

"Өздерін мемлекеттік органдардың қызметкерлері деп таныстырып, жоғары лауазымды адамдар атын жамылған теріс пиғылдылар кәсіпкерге 1,5 миллион АҚШ доллары сомасы үшін оны мемлекеттік құрылымдардың біріне басшылық лауазымға тағайындау мәселесін шешіп беруді ұсынған.

Олар жалға алынған "премиум-класс" автомашиналарын пайдаланған және жалданған күзеттің ілесіп жүруімен астананың элиталық орындарында кездесулер өткізген", - делінген хабарламада.

Ақпарат бойынша, 4 наурызда Нұр-Сұлтанда 30 миллион теңге мөлшерінде ақшалай қаражаттың бір бөлігін беру кезінде топтың үш қатысушысы және Ақтөбе мен Балқаш қалаларында тағы екеуі ұсталған. Қазір соталды тергеу жүріп жатыр. 

Суреттер: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі