22 сәу, 2022 сағат 14:24

13 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігітке электрон білезік тағылды


Түркістанда 13 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсіп, сотталған жігітке электрон білезік тағылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

2020 жылы желтоқсанда КТК телеарнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасында "13 жасымда зорландым, 15 жасымда ана атандым" деп Назакат Рахметова есімді тұрғын ақиқатын іздеп, бағдарламаға шыққан болатын. Көрерменнің жағасын ұстатқан қылмыстық оқиғаны талқылау төрт күнге созылған еді. "Баламның әкесі Хасан" деп жар салған қыздың ұлының әкесі басқа адам болып шықты.

Медиа-портал мәліметінше, бүгінде сол бағдарламада ақиқаты ашылған Хасанға электрон бақылау құрылғысы тағылды. Өз қылмысын мойындаған Хасан Рашидов Түркістан қалалық сотының үкімімен екі жылға шартты түрде сотталған. Ол Түркістан қалалық пробация есебінде жазасын өтеп жатыр.

"Осы бағдарламаға шыққаным анама ауыр тиді. Әрине, өзім де біраз уақыт үйден шыға алмай қалдым. Бәрі де келісіммен болды. Ақырында педофил атандым. Қатты қынжыламын. Жасаған қателігіме өкінемін. Осы жылдың аяғында жазамды өтеп бітемін. Өзіме берілген уақытты аман-есен аяқтап, жаңа өмір бастасам деймін", - деді сотталған Хасан Рашидов.


"Бұл электронды білезіктің сотталғандарға бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды, егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса, дабыл сигналы тәрізді белгі түседі. Сондай-ақ, сотталғандарда бір немесе екі ескерту болса, ол сотталғандарға білезік кигізіледі. Сотталған белгісіз бағытқа қарай кетсе, бірден сигнал түседі. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылатын болады", – деді Түркістан қалалық пробация қызметінің бастығы Ақмарал Торланова.

Оның сөзіне қарағанда, Түркістан қалалық пробация қызметі Хасан Рашидовтен бөлек тағы да бес сотталғанға электрон білезік таққан. Алты адамның үшеуі педофил санатында, қалған үш сотталған қылмысқа бейім болғаны үшін электрон бақылауға алынған. Пробация қызметінің инспекторлары аталған алты сотталғанды планшет арқылы қадағалап отырады.