20 қар, 2020 сағат 10:32

10 адамды өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Алматыда 10 адамды өлтірді деп айыпталған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, С. есімді ер адам 2013 жылы сегіз адамды өлтіргені үшін айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Ол жазасын «Қара бүркіт» қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеп жатыр. Жақында оның тағы екі әйелдің өліміне қатысы бар екені анықталып, дәлелденді. Осы іске қатысты бүгін сот шешім шығарды.

«2001 жылдың күзінде С. жәбірленушілер Б. мен К.-ның пәтерлерін иемдену мақсатында олардың сеніміне кірген. Сол жылдың қазан айында Б. мен К. есімді әйелдерді жалға алған үйге шақырып, сол жерде оларды басқа адамдармен бірге өлтірген. Кейіннен сотталушы мен тағы өзге адамдар меншік құқығының құжаттарын иемденіп, жалған сенімхаттар арқалы пәтерлерді сатқан», - делінген соттың хабарламасында.

Алқабилер сотының шешімімен cотталушы Қылмыстық кодекстің 96-бабы, 2-бөлігі, «а, ж, з» тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған қайтадан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.