Арыс қаласында қоғамдық тәртіпті күзету және тұрғындарды эвакуациялауға көмек көрсету мақсатында Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінен 500 әскери қызметші және 30-дан астам техника жөнелтілді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлаған. «Оқиға болған орында Ұлттық ұланның іс-әрекетін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары - штабы бастығы Андрей Каскеленов үйлестіреді» деді баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. ҚР Қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер жоқ екендігін жариялады. Ал ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою туралы тапсырма берді.