Қазақстанда мамыр айының соңғы аптасында ауа райы құбылмалы болады. Қазгидрометтің болжамынша, республика аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды ult.kz.
27 мамыр күні еліміздің батыс өңірлерінде қатты жаңбыр жаууы ықтимал. Ал 27-28 мамыр аралығында оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық аймақтарда нөсер жауын күшейіп, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. 28 мамырда солтүстік пен шығыс облыстарында да қатты жаңбыр, екпінді жел күтіледі.
Сондай-ақ республика бойынша желдің күшеюі болжанып отыр. Кей өңірлерде желдің екпіні қауіпті деңгейге дейін жетуі ықтимал.
Синоптиктер 26-27 мамыр түндерінде шығыс аймақтарда ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін екенін ескертті.
Апта соңына қарай ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Күндізгі уақытта батыс өңірлерде +16…+28°С, солтүстік пен орталықта +18…+25°С, шығыста +23…+30°С, ал оңтүстікте +20…+27°С шамасында болады.
Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын ұстанып, дауылды ескертулерді бақылап отыруға кеңес береді.