Украинаның «Хочу жить» мемлекеттік жобасы 2026 жылдың мамыр айындағы мәлімет бойынша Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, Украинадағы соғысқа аттанған Орталық Азия елдерінің 12 919 азаматын анықтаған. Бұл туралы жоба өкілдері «Украина — Орталық Азия» Telegram арнасына хабарлаған, деп хабарлайды ult.kz.
Жарияланған дерекке сәйкес, соғысқа қатысқандар саны бойынша Өзбекстан бірінші орында тұр. Аталған елден 4955 адам Ресей әскері қатарына қосылған. Одан кейін Тәжікстан — 3489 адам, Қазақстаннан 2420 адам Ресей шебінде соғысқа барған, Қырғызстаннан 1474 адам және Түрікменстанан 581 адам Украинадағы соғысқа аттанған.
Жоба өкілдерінің мәліметінше, бұл азаматтардың барлығы Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан. Алайда олардың қаншасы қаза тапқаны немесе елдеріне оралғаны туралы нақты ақпарат берілмеген.
Соңғы жылдары Ресейдің Украинаға қарсы соғысына Орталық Азия елдері азаматтарының қатысуы қоғамда қызу талқыланып келеді. Аймақтағы бірнеше мемлекет өз азаматтарына шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын бірнеше рет ескерткен.