Петропавлда Porsche көлігі 12 жастағы қызды қағып кетті

Петропавлда Porsche көлігі 12 жастағы қызды қағып кетті
ашық дереккөз

Петропавлда жол апатынан 12 жастағы қыз көз жұмды. Қайғылы оқиға 25 мамыр күні кешке Подгора шағын ауданында болған, деп хабарлайды ult.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы сағат 20:16 шамасында Потанин көшесінде тіркелген.

«24 жастағы Porsche Cayenne жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарынан 12 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.

Белгілі болғандай, апат жаяу жүргіншілер өткелі жоқ аумақта, нақтырақ айтқанда Потанин мен Тухачевский көшелерінің қиылысында болған.

Оқиғадан кейін Подгора тұрғындары бұл жол бөлігінің бұрыннан қауіп тудырып келе жатқанын айта бастады. Олардың сөзінше, аталған аумақта жақын маңдағы жалғыз дүкен орналасқандықтан, жолды балалар да, ересектер де жиі кесіп өтеді.

Тұрғындар сондай-ақ жолдың еңіс болуы жағдайды күрделендіретінін айтып отыр. Әлеуметтік желілерде бұл учаскеде бұған дейін де жаяу жүргіншілер қатысқан жол оқиғалары болғаны туралы пікірлер жарияланған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын тергеушілер анықтап жатыр.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды сақ болуға шақырды.

«Жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жолда мұқият болуға және жол ережелерін бұзбауға шақырамыз», – деп мәлімдеді ведомство.