490 миллион теңге: Мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схемасы әшкереленді

490 миллион теңге: Мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схемасы әшкереленді
ашық дереккөз

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, «КazStroyOpyt LTD» ЖШС-нің басшысы консалтингтік қызмет көрсету сылтауымен компанияларға құрылыс саласындағы жұмыс тәжірибесін қолдан жасап беру схемасын ұйымдастырған.

Күдіктілер «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіп отырған. Соның арқасында кейбір компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде негізсіз артықшылыққа ие болған.

Аталған схема әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформалар арқылы ашық жарнамаланған.

ҚМА мәліметінше, қылмыстық топ құрамында 11 адам болған. Сонымен қатар Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасындағы лауазымды тұлғаларға жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар анықталған.

Тергеу барысында қылмыстық табысты заңдастыру үшін бақылаудағы бірнеше заңды тұлға пайдаланылғаны белгілі болды. Олар арқылы ақша жиналып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған.

Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық табыс көлемі 490 миллион теңгеден асқан.

Сондай-ақ жалған жұмыс тәжірибесін пайдаланып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталған. Қазір бұл материалдар тексеру жүргізу үшін уәкілетті органдарға жолданды.

Іс бойынша үш күдікті қамауға алынды. Тағы сегіз адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.