АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путиннің араға аз уақыт салып Бейжіңге баруы әлемдік саясаттағы жаңа дипломатиялық қозғалыстарды айқын көрсетті. Бір апта ішінде әлемдегі ең ықпалды екі державаның көшбасшыларын қабылдаған Қытай өзінің халықаралық аренадағы салмағын тағы бір мәрте аңғартты. Әсіресе, Украинадағы соғыс, АҚШ–Қытай бәсекелестігінің күшеюі және Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер жағдайында Бейжіңнің Вашингтон мен Мәскеумен қатар байланыс орнатуы сарапшылар назарын аударып отыр.
Осыған байланысты Қытайдың қазіргі сыртқы саясаты қандай бағытта дамып жатыр? Бейжің үшін басты басымдық экономика ма, әлде қауіпсіздік пе? Қытай өзін жаңа әлемдік тәртіптің негізгі ойыншысы ретінде көрсетуге қаншалықты ұмтылып отыр? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде ult.kz тілшісі Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультеті Аймақтану кафедрасының докторанты Қанат Қаһармен сұқбаттасты.

Фото: Қанат Қаһардың жеке мұрағатынан
– Қытай басшысы Си Цзиньпин алдымен Дональд Трамппен, кейін Владимир Путинмен кездесті. Бұл кездесулер Қытайдың АҚШ пен Ресеймен қатынасындағы қандай мүдделерді шеше алады деп ойлайсыз?
– Сіз айтып өткендей Дональд Трамп Қытайдан кеткен бойда Владимир Путин Бейжіңге келіп үлгірді. Бір апта ішінде Бейжің Вашингтон мен Мәскеуден келген екі көшбасшыны қабылдады. Бұл іс-шаралар Қытайдың әлемдік саясаттағы рөлін көресетті. Қазіргі халықаралық тәртіптегі өзгерістер, Ресей мен Украинаның ұзаққа созылған соғысын, АҚШ-Иран қақтығысы және Қытай мен Америка Құрама Штаттары арасындағы бәсекелестіктің күшеюін ескере отырып, әлемдегі алпауыт үш ел арасында кездесулер болатыны және «кім кімге жақындауы мүмкін?» деген сұрақ айтылып келген еді.
Путиннің Қытайға сапары кезінде екі ел сауда, ғылым мен технология, БАҚ алмасу сияқты салаларды қамтитын 40-тан астам ынтымақтастық туралы келісімге отырды. Сонымен қатар екі көшбасшы Ресей мен Қытайды «көпполярлы әлемдегі маңызды күш орталықтары» деп сипаттайтын бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Си мен Путин кездесуінің басты мүддесі – Ресейдің табиғи газын Моңғолия арқылы Қытайға тасымалдауды көздейтін «Сібір күші 2» (Power of Siberia 2) газ құбыры жобасы еді. Дегенмен, екі тарап келісімге келмеді. Тек көрші елдің ресурсына арқа сүйеу Қытай үшін қауіпті. Қытайдың энергетикалық дипломатиясындағы негізі бағыттарының бірі – энергетика саласын әртараптандару және акционерлік құқыққа ие болу.
Фото: Сібір күші 2 (қызыл түсті сызық) / reuters
Ал Трамп пен Си Цзиньпин бірлескен мәлімдемеге қол қойған жоқ, ешқандай келісімге отыруға куә болған жоқ. Бірнеше келісімнің егжей-тегжейі АҚШ президенті Бейжіңнен кеткеннен кейін ғана жарияланды. Вашингтон Қытайдың АҚШ ауылшаруашылық өнімдерін жылына орта есеппен 17 миллиард долларға сатып алуға және 200 Boeing ұшағын сатып алуға келіскенін мәлімдеді. Бірақ, екі тарап чип өндірісі мен сирек кездесетін және жер металдары өндірісі туралы келісімге келгені жайында айтылмады.
Айтылған ақпараттардан Қытай–АҚШ және Ресей қатынастарында энергетикалық және сауда экономикалық қатынастарды басты мүдде ретінде қарастыратындығын, екі алпауыт ел арасында баланысты сақтағысы келетінін көруге болады.
– Бейжіңнің бір мезетте Вашингтонмен де, Мәскеумен де байланысын нығайтуының басты мақсаты қандай?
– Бұл сапарлар Қытайдың осы екі елмен қарым-қатынасындағы үлкен айырмашылықты көрсетті. Трамптың сапары кезінде Қытай Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынасын тұрақтандыруға назар аударды. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, технология және Тайвань сияқты негізгі даулы мәселелер бойынша тікелей әскери қақтығыстардың алдын алуға, екі ел арасындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Ал, Путиннің сапары стратегиялық серіктестікті тереңдетуді көздейді. Бұл Батыстың қысымына қарамастан екі ел арасындағы стратегиялық қатынастар туралы шартты қайта растайды және тығыз геосаяси аймақтық ынтымақтастықты сақтайды.
– Қытайдың қазіргі сыртқы саясатында экономика басым ба, әлде қауіпсіздік мәселесі ме?
– Қазіргі Қытай саясатында экономикалық қатынастар және тұрақтылық басым. Өйткені Қытай елі және Қытай мәдениеті үшін қай уақытта да тұрақты даму және елдің күшеюі басты мақсат және ол соңғы жеңіске алып келетін үдеріс.
– Қытай өзін жаһандық делдал әрі ықпалды күш ретінде көрсетуге ұмтылып отыр деуге бола ма?
– Әрине, АҚШ пен Ресей президенттерінің бір апта ішінде бірінен соң бірі Қытайға ұшіп келуі Қытай дипломатиясы тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Екі ел басшысын қабылдау және өзіне тиімді экономикалық қатынастарды қарастыруыдағы Қытайдың мақсаты – ықпалды ірі держава ретіндегі имиджін көрсету. Және оның әлемдік саясаттағы рөлі бар екені сөзсіз. Сонымен қатар, Қытай әлемдік тәртіпті қайта құру және оның басым күшіне айналу ниетін жасырмайды.
– Бұл әлемдегі жаңа геосаяси тәртіптің қалыптасып жатқанын аңғарта ма?
– Әлемдік тәртіптің тез арада өзгеріске түсуі қиын. Әр елдің өзіндік саяси мүддесі бар. Ресей Украинадағы соғысын жалғастыру үшін Қытайдың экономикалық қолдауына сүйенеді және барынша Қытайды өз тарпында болуын қалайды. Дегенмен, Ресей мен Қытайдың АҚШ–Израильдің Иранға қарсы соғысы және Ормуз бұғазын бақылауға алуына қатысты көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін. Қытайдың экономикалық және энергетикалық нарығы әлемдік кеме қатынасы жолдарына тәуелді. Сондықтан ол бұғаздың бұғатталуын тезірек шешуді қалайды. Ресей болса, бұл қақтығыстан өз мұнайына салынған санкцияны басқа елдердің жеңілдетіп сатып алуын қалайды. Ал АҚШ Қытайдың Иранға қолдау көрсетуден бас тартуына ниетті. Әлемдік саясатта өз мүддесін ойлаған елдердің арасында жаңа тәртіптің қалыптасуы қиын және кез келген уақытта мүддеге байланысты оларың әлемдік тәртіптегі рөлі де өзгеріп отырады.
– Қытайдың Ресеймен жақындасуы Батыс елдерінің реакциясына қалай әсер етуі мүмкін?
– Қытай–Ресей басшыларының кездесуінде Бейжің мен Мәскеу арасында жаһандық көпполярлылықты жақтайтын келісімге қол қойылғаны айтылды. Бұл жерде көпполярлы әлемнің дамуын ілгерілету – жеке елдердің халықаралық істерге монополия жасауына және блоктар құруға қарсы тұру, сондай-ақ көптеген елдердің еркін пікірін білдіруі, әділ және ақылға қонымды жаһандық жүйе құру деп көрсетілгенімен, Батыс елдері үшін оның артында Шанхай ынтымақтастық ұйымы, БРИКС елдері және Ғаламдық Оңтүстік сынды Батыс елдерінің қатысуынсыз ұйымдарды меңзегенін білуге болады.
– Қытайдың соңғы дипломатиялық белсенділігі Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?
– Алпауыт елдердің арасындағы қатынастарда Орталық Азия елдерінің ұстанымы көпвекторлы саясат болғандықтан, әзірге қатты әсері бола қоймайды. Қазақстан әлемдік саясатта белгілі саяси ұстанымды ешқашан білдірген емес және алпауыт елдермен дипломатиялық қатынаста әлемдік саясатты талқыламайтын. Сондықтан тек экономикалық қатынастарды дамытуға назар аударатын ұстанымда қалғаны дұрыс деп санаймын.
Сұқбаттасқан
Балжан Жеңсқызы