Пәкістанның Белуджистан провинциясындағы Кветта қаласында жолаушылар пойызы жарылып, кемінде 16 адам қаза тапты. Тағы 20-дан астам адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды ult.kz.
Жарылыс Чаман-Пхатак ауданындағы теміржол маңында пойыз өтіп бара жатқан сәтте болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылғыш зат теміржол бойына қойылған немесе жарылғыш тиелген көлік пойызға жақын жерде іске қосылған. Күшті жарылыстан бірнеше вагон рельстен шығып, жақын маңдағы көліктер мен ғимараттар зақымданған.
Пәкістан билігі оқиға орнында құтқару операциясы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жергілікті ауруханаларда төтенше жағдай режимі енгізілген. Кейбір зардап шеккендердің жағдайы ауыр екені айтылды.
Бірқатар халықаралық БАҚ шабуыл үшін жауапкершілікті Белуджистанды азат ету армиясы (BLA) атты сепаратистік топ өз мойнына алғанын жазды. Бұл өңірде соңғы жылдары қарулы шабуылдар мен жарылыстар жиілеген.