Испанияның Рокетас-де-Мар қаласында есту қабілеті нашар шахматшылар арасында 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталды. Бағдарламаның 17 түрі бойынша Қазақстан спортшылары 15 медаль иеленді, оның 2-уі алтын, деп хабарлайды ult.kz.
Испанияның Рокетас-де-Мар қаласында (Альмерия провинциясы) ICCD (International Chess Committee of the Deaf) қолдауымен есту қабілеті нашар шахматшылар арасында әлем чемпионаты (20th ICCD World Deaf Team Chess Championship 2026) өтті.
Чемпионат бағдарламасы әртүрлі уақыт бақылауымен (классика – 90+30, рапид – 10+5 және блиц – 3+2) өткен 6 командалық және жеке турнирді қамтыды. Жарыс ерлер, әйелдер және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер (2007 жылдың 1 қаңтарынан кейін туғандар) арасында жеке-жеке есептелді:
20th ICCD World Deaf Team Classical Chess (Men, Women & Junior);
14th ICCD Open Individual Chess Tournament (Men, Women);
1st World Deaf Team Rapid Chess Championship (Men, Women & Junior);
1st World Deaf Team Blitz Chess Championship (Men, Women & Junior);
2nd ICCD World Individual Rapid Chess Championship (Men, Women & Junior);
8th World Deaf Individual Blitz Championship (Men, Women & Junior).
Классикалық шахматтан қыздар құрамасы – Алтын Баймолда мен Диана Кеңесхан жеңімпаз атанса, олардың қатарластары Диас Усманов пен Дінмұхаммед Оралбаев күміс жүлдені иеленді. Жекелей сында әйелдер арасында Нина Жуковская күміс жүлдегер атанса, ерлер арасында Берік Нұрымов қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Қазақстан ерлер құрамасы (Сұлтан Қожахметов, Самажан Кеттебеков, Виктор Максименко, Амангелді Наурызғалиев және Максим Рожков) қола медаль жеңіп алды.
Блицтен 55 жастан асқан әйелдер (ардагерлер) арасында Нина Жуковская алтын медаль алса, Майгүл Әлібаева қола жүлдені қанағат тұтты. Қыздар арасында Алтын Баймолда күміс жүлде иегері атанды.
Рапидтен Сұлтан Қожахметов (ерлер), Берік Нұрымов (55+ ерлер) және Алтын Баймолда (қыздар), сонымен қатар Қазақстан ерлер құрамасы (С. Қожахметов, С. Кеттебеков, В. Максименко, А. Наурызғалиев, М. Рожков және Б. Нұрымов) күміс медальдарға ие болды. Нина Жуковская (55+ әйелдер), Диана Кеңесхан (қыздар) және жасөспірімдер құрамасы (Диас Усманов, Дінмұхаммед Оралбаев, Алтын Баймолда және Диана Кеңесхан) қола жүлдегер атанды.
Жалпы есепте Қазақстан спортшылары 15 медаль жеңіп алды: оның 2-уі алтын, 7-уі күміс және 6-уы қола.
Бұл дода XXI қысқы Сурдлимпиада ойындарына (15–24 қаңтар 2027 ж., Инсбрук, Австрия) іріктеу кезеңдерінің бірі. Жарысқа әлемнің 30 елінен 120 спортшы қатысты, оның 22-сі қазақстандықтар.
Ерекше спортшыларымыздың дайындығы мен чемпионатқа қатысуын Қазақстан шахмат федерациясының және «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК-ның қолдауымен «Ұлттық шахмат сурдо федерациясы» ҚБ ұйымдастырды.