Алматыда қалдықтарды кәдеге жарату зауытының құрылысы басталады

Алматыда қалдықтарды кәдеге жарату зауытының құрылысы басталады
Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қалдықтарды энергияға айналдыру саласындағы ҚХР мен Орталық Азиядағы ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар жетекші қытайлық компаниялардың бірі – Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесі төрағасы Дай Даогомен кездесу өткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесу бұған дейін өткізілген диалогтің жалғасы болды, оның қорытындысы бойынша Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату туралы инвестициялық келісім жасалды. 

Бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды: инвестициялардың жалпы көлемі 145,5 млрд теңгені құрайды.

Нысан екі жыл ішінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жоба ТҚҚ өңдеудің анағұрлым заманауи моделін енгізуді көздейді – яғни оларды кейіннен электр энергиясына айналдыра отырып қайта өңдеу қарастырылған. Зауыттың іске қосылуы жылына шамамен 200 мың тонна CO₂ шығарындыларын азайтуға, полигон көлемін жыл сайын шамамен 800 мың текше метр үнемдеуге және «жасыл» энергияны тұрақты өндіруге ықпал етеді. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықты өңдеп, 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Құрылыс кезеңінде кемінде 700 уақытша жұмыс орны құрылады, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны ашылады.