25 мамыр: түлектердің автокортежі айып тұрағына қойылды

25 мамыр: түлектердің автокортежі айып тұрағына қойылды
видеодан салынған скрин

Алматыда мектеп бітіруші түлектер ұйымдастырған автокортеж полицияның араласуымен тоқтатылды. Қала көшелерінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жастардың әрекеті салдарынан 21 ата-ана жауапқа тартылды, деп хабарлайды ult.kz.

Алматыда мектеп бітіруші түлектер ұйымдастырған автокортеж полицияның араласуымен тоқтатылды. Қала көшелерінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жастардың әрекеті салдарынан 21 ата-ана жауапқа тартылды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, соңғы қоңырауға арналған мерекелік іс-шара қарсаңында бір топ түлек көлікпен шеру ұйымдастырған. Бұған дейін құқық қорғау органдары мұндай автокортеждерге тыйым салынатынын ескерткен.

"Ескертуге қарамастан, түлектер жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, қала көшелерінде автокортеж ұйымдастырды. Нәтижесінде 21 кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасы бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады полиция департаменті.

Сонымен қатар көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу деректері бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп бұзуға қатысы бар автокөліктер мамандандырылған айып тұрағына жеткізілді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы мектеп түлектеріне жол ережесін сақтап, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырған болатын.