#
#
Сейсенбі 31/03/2020

"Жаратушы адамзаттың есін осылай бір жиғызып қояды..."

  • 12.03.2020
  • 0
  • 336

Адамзат нәсілі ешқашан жұмсақтап айтқанды түсінген емес. Мыңдаған ұстаз келді, миллиондаған кітап жазылып, небір көркем тәсілмен гуманистік идеялар таралды. Жоқ! Адамзат түзу сөзді дер кезінде қабылдамайды. Міндетті түрде я соғыс, я бір экологиялық апат, я басқа да катастрофалар немесе коронавирус сияқты осындай бір індет болу керек. Сол кезде ғана қауіпсіздіктің не екенін, еркіндіктің не екенін, Тәңірдің таңғажайып сыйы - өмірдің не екенін, бауырластықтың, достық пен татулықтың не екенін түсініп жатамыз. Өкінішке қарай, солай.

Жаратушы адамзаттың есін осылай бір жиғызып қояды. Және рухани эволюцияның келесі бір сатысына көтеріп отырады. Бірақ ол үшін адамзат нендей ақы төлейді, нендей құрбандыққа барады десеңізші. Бүгін бізді ғана емес, күллі әлемді дүрліктіріп отырған мына вирус та сондай бір жаза-сабақ сияқты көрінеді маған. “Не істеу керек?” деген сұрақ қазір бәріміздің көкейімізде маздап тұр, өртене жаздап тұр. Ең әуелі, қарапайым ғана жолды ұстансақ деймін, ол - мамандардың кеңестерін бұлжытпай орындау. Вирусты жұқтырмау үшін қандай шарт бар, бәрін тиісінше істеу. Жұртты шатастыратын ақпаратты таратпау. Әзіл жағынан жарысып, жамандықты шақырмау. Яғни гигиеналық талаптарды орындап, рухани-этикалық принциптерден аттамау. Өйтпесек, болмайды.

Бұрын да жазғанбыз осында: біздің медицина анау Франция, Италия, АҚШ, Корея, Жапониядағыдай емес. Бұлар медицинасы мың жерден дамып тұрса да мына антұрған кеселдің алдында дәрменсіз. Меркель ханым мына дертке Германияның 60-70 пайыз халқы шалдығуы мүмкін деп салы суға кетіп ол отыр. Айналайындар-ау, біздікі не талтаң?!Ауруханаларымыз аңғал-саңғал, көше-базар, т.б. жерлердегі гигиеналық жағдайымыз анау, адал медиктеріміз аз, оның үстіне барлық жерде жемқорлық вирусы өршіп тұр.

Ендеше бізге бейқам жүруге, бұл жағдайға қалай болса солай қарауға бола ма? Болмайды, әрине! Өзіңді аямасаң да, өзгені ая. Ұлт деп ұрандатпай-ақ қояйын, өзіңді ойла, өзіңді ойламасаң, бала-шаға, туыс-бауырыңды ойла! Саны аз ұлтпыз, бізге әр адам қымбат. Әр адамымызға жанашырлықпен, қамқорлықпен қарайықшы.

P.S. Жаңа ғана жақында тойы болатын бір кісімен сөйлестім. Тойды кейінге қалдыратын шығарсың, Үкімет таратып жатқан ақпарат анау десем, ол маған: “сол Үкіметің менің тойыма кеткен ақшамды қайтарып берсін!” дейді. Ал, не әңгіме бұл?!

Қаның осындайда қайнайды ғой. Оның тойы міндетті түрде өту керек екен де, біз соған барып, қырылып қалуымыз керек пе сонда?! Құдай сақтасын, әрине. Беті аулақ біздің елден! Дегенмен сақ, сергек жүрейікші, ағайын! Оңай жағдай емес бұл.

Ақберен Елгезектің фэйсбуктағы жазбасынан

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар