13 ақп, 2018 сағат 10:52

Жаңа еңбек министрі: Тамара Дүйсеновамен сөйлестім...

Жаңа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова бұрынғы қызметі де әлеуметтік саламен тығыз байланысты болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Журналистер жаңа қызметіне екі-үш күн бұрын ғана тағайындалған министрден бүгінгі отырысқа мұқият дайындалып келуінің сырын сұрады. 

"Мен ұлттық экономика министрлігінде адам капиталын дамыту және әлеуметтік даму мәселелерімен айналыстым. Біз үйлестіруші орган ретінде барлық мемлекеттік бағдарламаны, стратегиялық даму жоспарларын келісетінбіз. Атап айтқанда, мен үкімет жұмысындағы әлеуметтік салаға жетекшілік еттім. 2030 жылға дейін  Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы тұжырымдамасын әзірлеуге де тікелей қатыстым. Сондай-ақ ұлттық экономика министрлігінде экономикалық ынтымақтастық және дамуды ұйымдастыруға қатысты барлық жұмысты  үйлестірдім. Сол кезде бізге әлеуметтік, кадр дайындау, еңбек ресурстарын дайындау сапасы стандарттарын ЭЫДҰ елдерімен сәйкестендіруге қатысты көп ұсыныс түсті. Бұл болашақта Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарына кіруі жолында өте маңызды міндет деп санаймын. Осыған байланысты мен жаңа жұмысымда Қазақстанның әртүрлі жүйесіне жетекші халықаралық стандарттарды енгізуге баса ден қойғым келеді. Меніңше, қазір бұл өте өзекті мәселе", — деді министр. 

Әбілқасымова бұған дейін ведомствоны басқарған Тамара Дүйсенова өзіне табыс тілегенін айтты.

"Тамара Дүйсеновамен сөйлестім, қызметіме зор табыс тіледі", — деді ол.