24 сәу, 2017 сағат 09:07

Заман икемделуге ықпал етеді

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті,

Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біз, Қазақстанның бір топ шығармашыл жастары Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауыңыздың мақсаттары мен ұстанымдарына қолдау білдіреміз.

Бүгінгі жастар арасында салауатты өмір салты мен білімді болу үлгіге айналып, олар жаңа кәсіп игеріп, ағылшын тілін меңгеруге бар күш-жігерін жұмсап жүр. Әлемдік экономикалық, ғылыми кеңістікке енуіміздің алғышарты әліпбиіміздің латын қарпіне ауысу болғандықтан, біз Сіз бастаған латындандыру жобасын қолдаймыз.

Сіз белгілеген «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның қасиетті рухани қүндылықтары» «Мәдени-географиялық белдеу» бағдарламалары арқылы әрбір жас азамат өңірлердегі тарихи, мәдени, рухани орындарды аралау арқылы ұлттық танымы кеңейеді және ұлттық құндылықтарын мақтан ете алады. Бұл – отандық брендтің қалыптасуына үлкен үлес қосатын жоба деп ойлаймыз.

Сіз межелеген XXI ғасырдың әлемдік картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына да қолдау білдіреміз, әрі сол мақсат жолында аянбай еңбек етеміз. Жоғарыда аталған жобалардың рухани, ақпараттық-танымдық аспектісі гуманитарлық ғылымдарға арқа сүйейтіні мәлім. Соны ескеріп, Сіз «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жобасын құрдыңыз. «Әлемдегі үздік 100 оқулықтың» қазақ тілінде шығуы, жастардың жаңа заман талабына сай икемделуіне ықпал етеді. «Санамызды өзгертпей, сапамызды арттыра алмаймыз» деген сөзіңіз, біздер табан тірер қағидалы түсінік болады.

Олай болса, Сіздің сындарлы саясатыңызға әрқашан қолдау білдіріп, Қазақ елінің жалынды жастарына артқан сеніміңізді ақтауға уәде береміз.

Қазақсттаның бір топ шығармашыл жастары:

Аманжол Әлтаев, айтыскер;

Алтынай Нөгербек, театр және кино әртісі;

Әділ Ахметов, театр және кино әртісі;

Димаш Құдайбергенов, әнші;

Жанар Дұғалова, әнші:

Айгерім Бекетаева, балет солисі;

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші;

Айбек Бекбосын; күйші;

Айдос Есмағамбетов, мүсінші;

Салтанат Ахметова, опера солисі.

Ұлт болашағына деген үлкен жанашырлық

Сіздің Республикамыздың экономикасын, білімі мен ғылымын, мәдениеті мен өнерін өркендету жолындағы еселі еңбегіңіз бүкіл дүниежүзіне жақсы мәлім! Елімізде өнердің барлық салаларын дамытудың Мемлекеттік бағдарламаларын дамытуға негіз болатын инновациялық жобаларыңыз, теория мен тәжірибені өзара сабақтастыру, оқу жүйесін жетілдіру арқылы қазақстандық Білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің сапасын әлемдік деңгейге көтеруге сіңірген сүбелі табысыңыз баршамызға үлгі.

Өзіңіздің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деп аталатын макалаңызда біртұтас ұлт болу үшін жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарттарын ерекше айқындап бердіңіз. Сонымен қатар, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асырудың қажеттігі туралы нақты мақсаттар мен міндеттерді тұжырымдадыңыз. Әлем жұртшылығына мәдени қазыналарымызды таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластыру қажеттігін тапсырдыңыз. Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарына жетелейтін Сіздің «Мәңгілік ел» ұлттық идеяңызды жүзеге асырудағы елеулі қадамдардың бірі – мәдениетпен тығыз байланысты екендігіне баса көңіл бөлуіңіз, ұлт болашағына деген үлкен жанашырлығыңыздың жарқын дәлелі болып отыр.

Біз Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ үлттық өнер академиясының ұжымы Сіз көрсетіп берген сара жолмен төл мәдениетімізді әлемнің барлық құрлықтарына таныстыру ісіне белсене араласатынымызды мәлімдейміз. Өнер саласы бойынша алдынғы қатарлы ұлттық білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар шығару ісін бұдан әрі күшейте беретініміз сөзсіз. Сіздей Ұлт Көшбасшысымен бірге Қазақстанның өнері мен мәдениетінің гүлденуіне аянбай еңбек етеміз.

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіз ел басқару қызметіндегі саяси-дипломатиялық ұстанымдарыңызды, жүйелі бағдарламаларыңыз бен іскерлік тәжірибеңізді қазақ ұлтының болашағына арнап, Қазақстан Республикасының әлемдік деңгейде көрінуіне зор үлес қосудасыз. Қашанда халқыңыздың қалаулысы, еліңіздің елеулісі болып ел мәртебесін асқақтату жолында алда койған мақсаттарыңыздың жүзеге асуына ниеттестік білдіреміз! Сізге зор денсаулық, баянды бақыт, еңбегіңізге жеміс тілейміз!

Ізгі ниетпен, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы