18 қаз, 2019 сағат 08:00

Сапарбаев «Еңбек» бағдарламасының орындалуын сынға алды

Бейсенбі күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасын осы жылдың 9 айында іске асыру қорытындылары бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп жазады primeminister.kz.

«Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету – Елбасы мен Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін бізге жаңа жұмыс орындарын құрып, жұмыссыздарды бизнес негіздеріне және сұранысқа ие мамандықтарға оқыту, микро және шағын бизнесті дамытуды ынталандыру қажет», — деді вице-премьер.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, өткен кезеңде 496 мың қазақстандық бағдарлама қатысушысы болды.

2017 жылдан бастап ТжКББ-де кәсіптік оқуға 52 901 адам жіберілді, оның ішінде биыл — 21 854 адам. Сонымен бірге, білім алушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі өзекті болып қала бермек: 4 246 түлектің тек 3 250-і немесе 76,5%-ы жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамтудың төмен деңгейі Алматы және Жамбыл облыстарында байқалады.

Кадрлардың қысқа мерзімді дайындаумен 41 180 адам немесе жылдық жоспардың 69% қамтылған. Аутсайдерлер қатарында Маңғыстау (39,5%), Солтүстік Қазақстан (50,4%), Түркістан облыстары (51,1%), Нұр-Сұлтан (51,8%) және Шымкент (55,4%) қалалары бар.

«Қысқа мерзімді оқудан өткен 20 мың азаматтың тек 11 мыңы ғана жұмысқа орналасқан», — деді Б. Нұрымбетов.

Сонымен қатар, министр жалпы қатысушылар санының қатарында қайта оқытылғандардың жоғары үлесіне назар аударды. Мәселен, 2017-2018 жылдары 109 мың адам оқуға жіберілді, оның ішінде 1,8 мың адам екі немесе одан да көп рет курстардан өтті.

«Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны екі жылда төрт рет, ал Атырау облысының тұрғыны бір жылда үш рет оқытылды. Тағы бір сұрақ – біз кімді оқытамыз және олар қалай жұмысқа орналасады? Орта есеппен республика бойынша оқуды аяқтағандардың 57%-ы өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Сондықтан, мамандықтарға деген сұранысты ескере отырып, оқытуды түзету қажет», — деп толықтырды Еңбек министрлігінің басшысы.

«Бастау бизнес» жобасының аясында 45 мыңнан астам азамат кәсіпкерлік негіздерін үйренді. 27 мыңнан астам оқытылғандар өздерінің бизнес жобаларын қорғады, бірақ тек 8 мыңы ғана гранттар мен шағын несиелер алды. Ең төменгі көрсеткіштер Алматы (2,3%), Шымкент (11,3%) қалаларында және Түркістан облысында (7,1%).

Өз ісін ашуға арналған мемлекеттік гранттардың иегерлері 11,2 мың адам болды, оның ішінде жастар – 6,8 мың адам, аз қамтамасыз етілгендер – 1,5 мың адам, көп балалы отбасылар – 205 адам. Ең аз гранттар Нұр-Сұлтан қаласында берілді — жылдық жоспардың 2,2% немесе 49. Осыған ұқсас жағдай Алматы мен Шымкент қалаларында байқалады.

Биыл 10,2 мың адамға жеңілдетілген микрокредиттер берілді, олардың 80%-ы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қосымша 9 мың жұмыс орны құрылды. Микрокредит берудің теріс динамикасы Шымкент қаласында, Атырау және Қостанай облыстарында байқалады.

|Биыл барлығы 334,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 240 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.

Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрлері, сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстары, Алматы және Шымкент қалаларын әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады.

Есептерді тыңдағаннан кейін Премьер-Министрдің орынбасары бөлінген бюджет қаражатының нашар игерілгенін атап өтіп, бағдарламаны сапасыз орындағаны үшін өңірлерді сынға алды.

«Жетекшілік ететін әкім орынбасарлары тарапынан бақылау жоқ. Осы жұмысқа формалды түрде қараңыздар. Бұған дейін ақша жоқ деген шағымдар болды. Ал қазір ақша бар, бірақ нәтиже жоқ. Еңбек министрлігіне бұл жұмысты күнделікті бақылауға алып, оны жүзеге асырудың тиімділігіне талдау жасау қажет. Жыл соңына дейін аз ғана уақыт қалды, сондықтан ел басшылығының тапсырмаларын сапалы орындау үшін бұл жұмысты жандандыру қажет», - деп түйіндеді Б. Сапарбаев.

Сонымен қатар, кеңес барысында 2019-2020 оқу жылындағы орта білім берудің негізгі бағыттары қаралды. Атап айтқанда, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, цифрландыру, МЖӘ жобаларын іске асыру, тәрбие жұмыстарын жүргізу, құқық бұзушылықтар мен суицидтің алдын-алу, балалардың қосымша білім алуға тартылуын арттыру мәселелері талқыланды.