19 жел, 2016 сағат 10:25

Ұлттық кино үрдісі қандай?

Темір жол бекетіне пойыздың келіп тоқтағанын, одан жолаушылардың түсіп жатқанын көрген бір топ адам зәресі ұшып, залдан қашып шыққан көрінеді. Бұл оқиға 1895 жылы ағайынды Люмьер мырзалардың Париж тұрғындарына ұсынған  «Ла Сиотоға пойыздың келуі» атты әлемдегі ең алғашқы 50 секундтық қана шағын киносының көрсетілімінде болған еді. Қазіргі күні 593 минуттық немесе  9,8 сағатқа дейін созылатын, ғарыш әлемінің өзін экранда көз алдыңа әкелетін  көркем фильмдер жасалса да жұртты таң­дандырмайтын болды. Осы  тұста, сол бір тұңғыш кинодан соң дүниенің түп-тамырымен өзгергенін ерік­сіз мойын­­­дайсың. Алғашқы кинодан кейін не­бары 15-20 жыл өтер-өтпесте 2 сағат бойы көрсетілетін кинолар Италияда жасала бастаған екен. 1914 жылы аталмыш ел­де жасалған «Кабириа» (Cabiria) атты кино АҚШ президентінің шақыруымен Ақ Үйде тұсаукесерін өткізген. 

Кино өнері ғасырдан астам уақыт ішіндегі даму жолында алғашқыда тарихи, көркем жанрларынан бастап, орта кезеңінде  қиял-ғажайыпқа ұласты. Ал, бүгінгі күні комикалық көп сериялы туындыларды арқау еткен  блокбастер сипатқа көшіп отыр. Жалпы, кино жасау үшін адам факторы, еңбек күшінен бастап, техника-технологиялық құралдармен қамтамасыз етілетін қыруар қаржы көзі керек.  Осы себептен де, оның барлық талаптарына жауап бере алатын ірі киностудия индустриясы жасалады. Оны әрине, өнер арқылы пайда табуды мақсат еткен  бизнес құрылымдары ғана қолға ала алады. Әлемдегі мұндай жүйенің алып мекені – Голливуд екені баршамызға аян. 

Голливуд голливуд болғалы, оны айтасыз қазірдің өзінде «20the Centyry Fox», «Warner Bros», «Paramount, Columbia», «Universal» деген 5 алпауыт  студия үс­темдік етсе, кейін «Walt Disney» келіп қо­сылды. Коммерциялық мақсатқа басымдық беретін ірі студияларды не­гіз етіп алған Голливуд мазмұны жа­ғынан жұртшылық назарын ерекше аударарлықтай тақырыптарды таңдауға тырысады. Кинотуынды жасайтын бас­ты тәсілдеріне келсек, сценарий жазудан бастап түсірілім жасау, монтаждау, өңдеу, дыбыс режиссурасы дегендей әр кезеңдерінде әбден маманданған шебер атқарушылар қызмет етеді. Мұны дәл өндірістегі қатаң тәртіппен жұмыс іс­тейтін жүйемен ұқсастыруға болады.  Голливудтық стандарт деп аталатын қа­лыптасқан тәртіптері де бар. Қалай десек те, қазіргі күні киноны бизнестен, пайда табу көзінен бөліп қарастыра алмаймыз. Әлем зерттеушілерінің ара­­­­сында киноны «коммерциялық» және «қоғамдық» деген екі түрге бөліп қа­рас­­­тырушылық бар. Кино қай кезеңде де, адам баласының демалыс уа­қы­тын тиімді өткізуге, көңіл кө­теруге бағытталып келгендіктен оны ком­мер­циялық құралдан бөліп қарау мүм­кін емес. Бүгінгі таңда әлемнің кино рыногінде Голливуд өнімдерінің зор сұ­раныс тудырып отырғандығынан-ақ атал­мыш заңдылықты аңғаруға болады. 

Кино бір жағынан көңіл көтерсе, екінші жағынан бизнес ретінде пайда таба отырып, таза өнер туындысы ретінде де дамып жатқан жанды организмге айналды. Киноның енді ғана қоғам өміріне қадам басқан сонау 1916 жылы ол тек өнерге ғана тән бейне мен динамикаға негізделген футуристік сипатта еді. Кейін  кино өнеріне дадаизмдік, сюрреалистік ағымдар басым болса, бүгінде авангардтық, андерграундтық кинолар алға шықты дегенді кинотанушылар мәлімдеп отыр. Мұның басты ерек­шелігінің өзі киноның байырғы миссиясы болған бейнесюжет эстетикасына негізделіп, шығарманың бастан аяқ бір ғана монолог түрінде баяндалуынан ажыратылуында еді. Луй Бунуэл, Мая Дерен, Стэн Брэкиж секілді туындыгерлер осы бағыт бойынша классикалық санатқа көтерілді. 

Киноны коммерциялық тауар емес, таза өнер туындысы деп түсінетін шығар­машылық иелері де болды, әрине. Мұндай бағыт 1960-1970 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті деуге болады. Аталмыш тұста Еуропада «арт-кино» деп аталатын өнертану термині пайда болды. Луй Бунуэль, Ингмар Бергман, Федерико Феллини, Микеланжело Антониони, Роберт Брессон сынды арт-киноның көрнекті режиссерлері бір кезеңде иық тірестіре өз туындыларын жарыққа шығарды. Дәл осы кезде, кино дегеніміз көңіл көтеретін, бос уақыт өткізетін құрал деп саналған баршаға ортақ ұғымның тас-талқанын шығарды. Кино  дегеніміз туындыгердің философиялық ой өрісінің, эстетикалық талғам-танымының, әлемге деген көзқарасының жемісі әрі өнер екендігін айқындап берді. Сол тұстан бастап киноның нағыз авторы әрі жасаушысы режиссер болып саналды. Әлемдік тәжірибеде режиссердің өзі кинотуындының мәтінін жазып, режиссурасын жасап, түсіріп, монтаждап және продюсерлік етуі жиі кездеседі. Осылайша, әлемдегі кино өнері «ком­мерциялық» және «арт» деген екі салаға бөлінген жайы бар. 

Коммерциялық кино дәстүрін Аме­рикалық Голливудқа, арт киноның үрдістерін Еуропалықтар оның ішінде Франция, Италия, Германияға көбірек телігенімен әлемнің барлық елдерінде кино туындылар осы екі бағытта жасалады. Негізінен, Азия елдері «артхаус» кино жанры бойынша алға шығып тұр. Голливудтың өзінде де  студиялық құрылымнан тыс жұмыс істеп, пайда табуды алға қоймайтын independent (дербес)киношыларды тудырды. Киноның өзі көзқарас, философия, эстетика, мәдениет және қоғам өмірінің типтік бейнесі болғандықтан көрерменге бәрін де кешенді түрде бере алатын мазмұны ауқымды құрал. Олай болса, киноның өнер ретіндегі сипаты арта түсері анық. Қазіргі жағдайды бажайлар болсақ, әлемде арт пен коммерциялық бағыттар бір-біріне жақындап, ықпалдары арта түскендері аңғарылады. Сондықтан, оны бірыңғай коммерциялық немесе тек қана арт мағынасында түсіну сыңаржақтық болар еді. Әлем кино өнері 122 жылды артқа тастап бүгінге жеткенде әлі күнге дейін коммерциялық ірі нарық әрі қоғамдық ортаға ерекше ықпалды өнер ретінде өзінің басты сипаттарын сақтап отыр.

Америкалық көркем фильмдер қоғамы (Motion Picture Association of America) жүргізген зерттеулерге қарағанда тек 2014 жылдың өзінде әлемдік кино рыногінде сатылған билеттерден түскен кіріс 36,4 миллиард долларға жеткен екен. Оның ішінде АҚШ пен Канада нарығына 10,9 миллиард доллар тиесілі, яғни, барлық табыстың 28 пайызын құрап отыр. Сонда Америка мен Канадада барлық тұрғындардың 68 пайызы немесе 229,7 миллион адам жылында аз дегенде бір мәрте кинотеатрға барады деген есеп шығып отыр. Аталмыш зерттеу спорт, ойын-сауық саябағы секілді мәдени орындардан гөрі киноға деген сұраныс 9 есеге артық екенін көрсеткен. Өткен жылғы мәлімет бойынша кино театрлардан тапқан табысы бойынша АҚШ пен Канададан кейінгі орынды 4,8 миллиард долларлық пайдамен Қытай иеленген. 

Кино өнері пайда болған кезден бас­тап кинотеатр – оны таратушы басты құрал болып келеді. Бүгінгі күні киноны кең экранда кинотеатрда отырып көру мәдениеттіліктің белгісі ретінде қалып, телевизия мен үйдегі бейне құралдарына орнын бермей келеді. Ал, интернет ресурстарына сүйеніп, онлайн түрінде ақылы фильмдер көруге мүмкіндіктің тууы таяу болашақта кино өнімдерін таратудың басты әрі жаңа нысанына айналуы бек мүмкін. Әлемдегі ең ірі онлайн кино қорын жасаушы «Netflix»-тің табысы 2010 жылы 2,1 миллиард доллар болса, қазір 3-4 есеге артып кеткен. Қысқасы, әлемнің кино рыногі барған сайын ұлғайып, шекарасыз алып кеңістікке ауа жайылып барады. 

Кино саласының коммерциялық рыно­гінің сыртында әр елдің ұлттық сипатын аңғартатын сапалы туындыларын әлемдік деңгейде таныстыратын, кино өнерінің соңғы жетістіктері мен даму бағыт-бағ­дарын көрсететін, кинотаным көкжиегін ке­ңей­тетін әрі насихаттайтын  басты тетік – халықаралық кино-фестивальдар болып отыр. Бүкіл әлемде 3000-ға жуық  кинофес­тивальдары ұйымдастырылады екен. Олар­дың ішіндегі кең танымалдары мен ең беделділері ретінде Францияның  «Канн» фестивалі мен Германияның Берлин кино-фестивалі аталады. Америка кино академиясы ұйымдастыратын Оскар сыйлығын табыстау салтанатты рәсімі фестиваль болып есептелмегенімен беделі бел асып тұр. Әр жыл сайын халықаралық кино-фестивальдарға ағылатын  көрермендер саны артып, әлемдік нарыққа шығарылып жатқан киноның саны мен сапасы қатар өсіп келеді. Соған сай кино-фестивальдардың сыйлықтары да үздіктерді таңдаудың бірегей өлшеміне айналды.

Коммерциялық кино нарығы өзін өзі қаржыландыру бағытымен жұмыс істесе де әлем елдері ұлттық кино өнерін қолдау, дамыту мақсатымен белгілі дәрежеде демеушілік жасайды. Саланың мамандарын даярлауға арнайы мемлекеттік саясат та белгілейді. Айталық, Германияның ұлттық кино кеңесі (German Federal Film Board) кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро мөлшерінде бюджет бөледі. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея секілді елдер отандық кино өндірісін қолдау мақсатымен кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектеп отырады. Кино мамандарын мемлекет қаржысымен шетелдерде білім алуын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі кино өнерін қолдауға арналған мемлекеттік саясаттың бірер бөлігі ғана. 

Зерттеуші Малик Журчубаевтың мә­лі­метіне қарағанда, Қазақ жерінде ең алғашқы киносеанс 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында ұйым­дастырылған көрінеді. Фабри мен Сейфуллин есімді кәсіпкерлер киноны қою кезінде фильмнің көркемдік деңгейін ескермегенін атап көрсетеді, зерттеуші Журчубаев.1919 жылы 19 тамызда Халықаралық Комис­сарлар Кеңесінің «Фотографиялық және кинематографиялық сауда мен кино­өн­діріс орындарын мемлекеттендіру» жө­ніндегі Декреті қабылданып, 1921 жыл­дың қазанында Бүкілодақтық Фотокино өндірісінің Қазақстандағы бөлімі құ­рылады. 1924 жылдың соңына қарай 44 кинобірлестіктер жұмыс істей бастады. Соның ішінде, Алматыда (округ бойынша) – 10 , Ақмола бойынша -9, Орал округі бойынша – 15 және бірқатар қалаларда бірден-екіден кинотеатрлар іске қосылды. Осыдан бастап киноқондырғылар саны қазақ жерінде өсті – деген деректі «Киностан» порталы ұсынып отыр. 

Тұңғыш қазақ кинотанушысы Қабыш Сиранов 1944 жылғы мақаласында: «1937 жылы «Ленфильм» киностудия­сы толықметражды «Амангелді» ды­­бысты фильмін жасап шығарды. Киносценарийді қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды. Картина режиссері Моисей Левин болды. Бұл фильм ұлттық кинематографияның негізін қалаған ең алғашқы киносуретіміз» («Кино: жылдар, ойлар», Алматы: Өнер.1983 ж. 10 бет) – деп, еліміздің кино тарихынан нақты мәлімет беріп кеткен. 

Кейбір деректерде сценарий жазуға Бейімбет Майлиннің де атсалысқаны туралы айтылады. Фильм идеясы Кеңес үкіметін насихаттауға бағытталғандықтан, Алаш көсемдерін жағымсыз кейіпкерлер етіп бейнелеген. 

Кино өнердің жаңа түрі ретінде әу бас­та капиталистік елдерде  бизнес көзі болып қолданылса, социалистік жүйеде оны идеологиялық насихат құралы деп танып, саяси маңыздылығына ерекше мән берді. Соған қарамастан, «Казақфильм» киностудиясы халықтың көңілінен шығатын туындыларды совет кезеңдерінде де жасады. Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаев сынды аты аңызға айналған режиссерлер қазақ өнерінің тарихында өшпес із қалдырды. Қатал цензураның қысымына жүрсе де «Сенің сәбет өкіметіңді жылатқанмын. Сені де мұрныңнан жетелеп зар илетемін» деп, «Даладағы қуғын» фильмінде еркін даланың батыры Құдыренің аузына сөз салып берген А.Қарсақбаевтың ерлігінің өзі неге тұрады. Бердібек Соқпақбаевтың советтік тар өлшемге сыймаған азат ойларын да экранға шығарғандығы қазақ режиссерінің батылдығы мен ерен еңбегінің жемісі болатын. Дулат Исабековтің «Гауһартасы» секілді көңілге жақын тартымды туындылар да  болды. Бірақ, «Москва слезам не верит», «Служебный роман», «Ирония судьбы, или с легким паром!» секілді шедевр фильмдер жасалған жоқ. Жарайды, ол тұста компартияның жергілікті жандайшаптары шығармашылыққа еркіндік бермеді, мәскеуліктердей үлкен орта қалыптаспады деп ақталу оңай шығар. Дегенмен, қайта құру кезінде советтік цензура алынып тасталған 1985-1990 жылдар аралығында өзге республикалар Брежнев заманындағы қоғамда белең алған әлеуметтік әділетсіздіктер мен қоғамдағы былық-шылықтарды әшкерелеген өткір фильмдермен дү­ние­ні дүр сілкіндірді ғой. Сол тұста  «Қазақфильм» ғана суырылып алға шыға  алмады.  «Беларусьфильм» – «Менің атым Арлекиносымен», М.Горький атын­­дағы жастар және балалар киностудия­сы «Воры в законе» және «Маленькая Вера»-сы­мен, көрші «Өзбекфильмнің» өзі «Шок», «Прощай, зелень лета…» секілді туындыларымен жарты әлемді жаулап, көрермендерін таңдай қақтырды. Советтік республикалардың бәрі де әрекетсіз қалмады, тек «Қазақфильм» ғана тым-тырыс жатты. Тәуелсіздік жыл­дарында жасалған еңбектердің ішін­­дегі ең елеулісі жазушы Жүсіпбек Қор­ғасбектің әңгімесінің желісімен жа­салған режиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» фильмі еді. Осы туындыдан кейін жөні түзу шыққан кино атаулы да тым сирек. Ресейлік режиссер Станислав Говорухиннің «Ворошиловский стрелок» сынды бүгінгі өмір шындығын дөп басқан кереметі болмаса да ортаңқол деңгейдегі ауыз толтырып мақтанарлықтай туынды бізде жасалмады. 

Оның үстіне Серік Қилыбаев пен Тимур Бекмәмбетовтер «Громовы» атты кесек туындысын неге өз туған топырағындағы «Қазақфильмде»  жасамады деген сауал да әрдайым көкейде тұрады. «Саямыздан сайғақ құрлы сая таппады» ма, әлде, басқа бір сыры ма? 

Ештеңе болмады деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз, әрине. Сатыпалды Нарымбетов, Серік Апырымов, Талғат Теменов, Ермек Тұрсынов, Досхан Жолжақсынов, Рүстем Әбдіраш, Ақан Сатаев секілді көптеген режиссерлер өз деңгейінде біраз тер төкті, туындыларын ұсынды. Араларында әуесқой киношылар да өз өнімдерін шығарды. Қыруар қаржы жұмсап, шет жұрттан әйгілі әртістер шақырып, ғұлама ғалымдарымыз кеңес беріп, ала шапқын болып түсірген «Көшпенділер» фильмі біз күткендей нәтижеге жете алған жоқ. Солардың арасынан іліп алар мазмұндысы «Біржан сал» ғана. Ал, ең көп пайда тапқаны «Жаужүрек мың бала» болар. Ескісі бар, жаңасы бар қазіргі таңда ірі қалаларымыз кинотеатр атаулыдан кенде емес. Бірақ, сонда көрсетілетін ұлттық фильмдеріміздің сапасын айтпағанның өзінде сан жағының халінің өзі нешік. 

Таяудағы бір жылдың өзінде елімізде «22 толық метражды фильм жарыққа шықса, оның жетеуі халықаралық кинофестивальдарға қатысты» деген дерек баспасөзде кездеседі. Кіno.kz ста­тистикасының мәлімдеуіне қарағанда, отандық фильмдер прокаттың 3,9 пайызын құрайды. Фильмдердің 50 пайызға жуығын «Қазақфильм» киностудиясы түсірсе, қалғаны жекеменшік студияларда тиесілі көрінеді. Десек те, сол фильмдердің нешеуін жұрт ауыздан тастамай сөз етіп жүр? Қайдам, көрген жандардың өзі атын атап, түсін түстеп бере алар ма екен. Жалпы, белгілі бір киноны сол елдің бүкіл халқы тайлы тұяғы қалмай көруі некен саяқ шығар. АҚШ-тың өнер рыногінде кинотеатр арқылы ең көп табыс әкелген «Guardians of Galaxy» атты фильмді бір жылдың ішінде ел халқының 10 пайызына жетерліктей ғана бөлігі көрді деген дерек бар. Бүкіл әлемдегі ең көп пайда тапқан киноларды өз елінде көрерменнің орта есеппен 5-10 пайызы ғана тамашалаған болып шығады екен. Бізде бұл жайында нақты зерттеулер жасалмағандықтан сырттай тон пішуден аулақпыз. Десек те, талғамға сай сапалы әрі мазмұны терең туындылар жасалса, оған лайық көрермен де табылары анық. 

Бизнес, мәдени құндылық әрі өнер ретінде кино-индустриясының жан-жақты мүмкіндіктерін әлем елдері барынша тиімді пайдаланып жатыр. Біз үшін де бұл бүгінгі күнгі кезек күт­тірмейтін өзекті проблема. Әлем на­ры­ғына жарқ етіп шығып, жұлдызға айналу, атақты кино-фестивальдарда топ жару, сол арқылы мол пайдаға кенеліп қазақтың атын дүниежүзіне әйгілеу әр режиссердің арманы екені мәлім. Бірақ, 120-дан астам жыл бойы үзіліссіз алға жылжып ірі мәдени құрылым мен күрделі кино өнерін қалыптастырған жоғары өркениет әлемімен бәсекелесуге біз қаншалықты қауқарлымыз? Дәл қазіргі жағдайымызбен, бүгінгідей пси­хологиямызбен таяу болашақта қым­бат қаржымен блокбастер  жасап, Голливудпен бәсекеге түсе алмайтынымыз басы ашық әңгіме. Солай екен деп әйтеуір әлемнің ірі елдерінде өткен кинофестивальдарынан бірер сыйлық алуды ғана ойлап, киноның мазмұны мен формасын жасанды түрде өзгерткенмен, әлде бір қисынсыз сюжеттер мен кейіпкерлерді тықпалаумен, қызықтырамын деп актрисаларды шешін­дірумен ештеңе шешілмейді. Әлем киноларына төрелік ететін қазылар алқасының құрамында еврей ұлтының өкілдері басым екен деп фильмнің бас кейіпкерлері етіп, сол ұлттың өкілдерін таңдағаннан бірдеме ұттық па? (Р.Әбдіраш «Сталинге хат», С. Нарымбетов «Қыз жылаған»). Әлем халықтарын таңдай қақтырып, тамсандырамын деп ат үстінде шапқылап жүріп жыныстық қатынас жасаудан ше? (С.Апырымов «Аңшы»). Ең дұрысы, халықаралық кино топтарымен ынтымақтасып, бірлескен жобаларды жүзеге асырсақ, тиімділігі айтарлықтай болуы ықтимал. Оған мысал ретінде, Netflix-тің туындыгерлері «Марко Поло» сериалын жасау үшін елімізді таңдап, 26 миллион долларлық қаржы құюға дейінгі нақты қадамға баруы біздің техникалық мүмкіндігімізбен санасқандығы болса керек. 

Мемлекет тарапынан кино өнері саласына маман даярлауға көңіл бөлінуге тиіс деп ойлаймыз. Режиссер, сценарист, оператор секілді шығармашылық иелерімен қатар саланың арт-менеджерлерін, инженер-техникалық мамандарын да еларалық келісім-шарттар негізінде Батыстың алдыңғы қатарлы оқу орындарында даярлауға болады. Ең бастысы, мемлекет тарапынан жоғары талап қойып, сапалы әрі маңызды кино жобалар ғана қаржыландырылса. Халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, беделдері бел асқан кино фестивальдарда топ жарып, сыйлық алған дамушы елдердің кино туындыларына зер салсақ, бәріне ортақ бір сипатты аңғаруға болады. Олардың бәрі де коммерциялық мақсат көздемеген, таза өнер туындылары болып келеді екен. Сондықтан да болар, кино өнерді қолдайтын әлемдік қорлардан көмек алғаны және шетелдік туындыгерлермен, продюсерлермен бір­лесіп жұмыс істегендері байқалады. Ал, мазмұны жағынан келгенде, әр кино­туынды өз ұлтымыздың тыныс-тір­ші­лігін, ерекшелігін, шынайы болмысын көркем де шебер бейнелеп жатса, қанеки. Кейде біз өз ортамызға әбден көз үйреніп кеткендіктен көп дүниеге назар аудармауымыз да мүмкін. Біздегі өзіміз мән бермейтін тұрмыс салтымыз, қоғамдағы көріністер шет жұртты тамсандыруы да ықтимал. Сондай-ақ, пайда табу көзделмейтін киноларға техникалық тұрғыдан аса қатты талап қойыла бермейтіндігін  ескеруге тиіспіз. Арт-киноны ешкім де қыруар қаржымен немесе мықты  техниканың күшімен жасамайды, ол тың идея мен ой еңбегінің жемісі. Сондықтан, фильм­дер нарығында шашетектен пайдаға кенелмесек те, кино өнермен неге әлемді таңдай қақтырмасқа. 

Кино дегеніміз белгілі бір дәуір мен қоғамдық көріністермен үндесетін тірі организм. Қоғамдағы түрлі шырғалаңдардан өтіп, бірде құлдыраса, бірде өрлейтін заңдылық та оған тән болса керек. Кино – өнер ғана емес, өндіріс екендігі белгілі болып отыр. Жылына ең көп кино өнімін жасап шығаратын нысан ретінде Болливуд аталады екен. Үндістанда бір жылда 1000 кинотуындының жарыққа шығуы әдеттегі көрініс. Ал, біз киноның отаны санайтын Голливудтың тағайындаған стандарты бойынша олар бір жылда көп ұзаса 100-дей фильм ғана жасайды екен. Гиннестің кино жайындағы кітабында ең көп фильм шығарған ел ретінде Дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі Жапония аталады. 

Кино – белгілі бір топты емес, бүкіл қоғамды жаппай қамти алатын, сол арқылы адам баласының көңіл-күйіне, санасына зор ықпал ете алатын өнер түрі. Ұлттар мен ұлыстардың тілдері, салт-санасы өзара қандай айырмашалықта болса, белгілі бір елдің өнері мен мәдени мұрасы, дәстүрі де өзгеге мүлде ұқсамайтын ерекшеліктерінің болуы заңды құбылыс.  Себебі, әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, даму жолдары, әлеуметтік жағдайы, географиялық ахуалы бір-біріне ұқсай бермейтіні секілді көзқарастары мен дәстүрінің де өзіндік сипаты бар. Осы сипатымен кино дегеніміз белгілі бір дәуірдегі халықтың мінез-құлқын, ділін, тұрмысын бейне­лейтін маңызды дерек болып қала бермек. Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қоғамы шетелдік сериалдарды тамсана тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәдениеті жаулап жатқан тұста ұлттық кино өнеріне көңіл бөлудің маңыздылығы одан сайын арта түсуі тиіс. 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист

"Ақиқат" журналы