30 мам, 2018 сағат 14:37

Украина премьері: Бабченко өліміне Ресейдің қатысы бар

Аркадий Бабченко, Киевте кісі қолынан ажал құшқан ресейлік журналист.

Украина премьер-министрі Владимир Гройсман Киевтегі ресейлік журналист Аркадий Бабченконың өліміне Ресей жауапты деп санайды. Гройсманның пікірінше, Мәскеу оның "адалдығы мен принципшілдігіне" төзе алмаған.

"Әлемге Ресей басқыншылығы туралы айтқан Украинаның нағыз досы" деп жазды Гройсман Facebook-те. Ол жазбасына Бабченконың әлеуметтік желіде жазған соңғы жазбасын тіркеді. Онда Бабченко 2014 жылы 29 мамыр күні тікұшаққа жүк салмағы асып кеткендіктен отырмай қалғанын, ал ол тікұшақтың сол күні Украина шығысында құлағанын еске алған. "Құдай сақтады. Өмірге екінші рет келдім десем болады" деп жазған журналист. Бұл жазбадан 10 сағат өткенде журналисті өлтіріп кетті.

Бабченконың өліміне Кремльдің қатысы бар болуы мүмкін деген болжамды мұның алдында Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин де айтты. Министр Бабченконың Ресейден өзіне қоқан-лоқы жасағаны үшін кетуге мәжбүр болғанын еске салды. "Ол Ресейде демократия орнату үшін, Украина үшін күресті, әрине, Мәскеу оны қашан да жау көрді" деп мәлімдеді Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген Климкин.

Ресейлік журналист Аркадий Бабченконы Киевте 29 мамыр күні кешке өлтіріп кетті. Журналист дүкеннен үйіне қайтып келе жатқанда артынан үш рет оқ атқан. Пәтерінің алдында қансырап жатқан Бабченконы әйелі көрген. Журналист жедел жәрдем көлігімен ауруханаға әкетіп бара жатқанда көз жұмды. Киев полициясы Бабченконың өліміне журналистің кәсіби қызметі немесе азаматтық ұстанымы себеп болуы мүмкін деп тұспалдайды.

Украина Ішкі істер министрлігі бұл факт бойынша "қасақана кісі өлтіру" бабымен іс қозғап, қастандық жасады деген күдіктінің ықтимал суретін жариялады.

Андрей Бабченконың өліміне қатысты Ресей Тергеу комитеті де қылмыстық іс қозғады.