16 ақп, 2017 сағат 12:01

Трамп Қырымның аннексиялануын Обама әкімшілігінің "жұмсақтығымен" байланыстырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Барак Обама әкімшілігін Ресейге қатысты "тым жұмсақ" саясат ұстанғаны үшін сынады. Трамптың пікірінше, орыстар Қырымды Обаманың кесірінен "иеленіп алды". Бұл туралы Құрама Штаттар басшысы Твиттердегі шағын блогында жазған.

Сейсенбі күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Спайсер АҚШ президенті Дональд Трамптың Мәскеуге қатысты саясаты "қатал" екенін мәлімдеді. Спайсердің айтуынша, Трамп Ресей үкіметі Қырымды "қайтарып беріп", Украинаның шығысындағы соғыстан бас тартуы керек деп есептейді.

Кремль өкілдері мен Ресейдің сыртқы істер министрлігі аннексияланған Қырым ресейлік аумақ екендігін және бұл мәселе талқылауға жатпайтындығын мәлімдеді. Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин Қырым жөніндегі ұстанымын Трамптың өз аузынан естігісі келетінін, АҚШ президенті сайлау қарсаңындағы бағдарламасын орындауы керектігін айтты.

Бұған дейін Дональд Трамп Ресеймен қарым-қатынасты жақсартқысы келетінін бірнеше мәрте мәлімдеген еді.