06 қыр, 2019 сағат 09:17

Тоқаев қытайлық 55 зауыт туралы: Бұл - даңғаза қауесет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасында тарап жатқан алыпқашпа әңгімелерді жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Соңғы уақытта "жер шетелдіктерге сатылады екен" немесе "көрші елдің 55 ескі зауытын көшіреді, оған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен" деген сияқты қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Ондай алыпқашпа әңгімелерді жаман ойлайтындар таратады. Олар халықтың патриоттық ұстанымына шебер манипуляция жасап отырады", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президенттің айтуынша, ондайда эмоцияға тез берілетін адамдарды пайдаланып жатады. Сөйтіп, өз мақсаттарына жетуге тырысады.

"Бұндай манипуляциялар геосаясаттың бір бөлшегі екенін де түсіну керек. Негізгі мақсат — халықтың бірлігін бұзып, Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру. Алайда біз дана халықпыз және ондайды ажырата аламыз. Ал биліктің негізгі міндеті — диалог арқылы халыққа мемлекеттік саястаттың мақсаттарын жан-жақты түсіндіру. Шыны керек, дәл осы жұмысты кей кезде дұрыс істемейміз", — деп атап көрсетті Тоқаев.

Осы орайда Тоқаев жерге қатысты өз ұстанымын тағы да жеткізді. Сондай-ақ, шетелдік инвестициялар не үшін тартылып жатқанын түсіндірді.

"Біз ұлттық мүддені қашанда бірінші орынға қоямыз. Тағы да шегелеп айтамын, жерімізді ешкімге бермейміз, халқымыздың мұң-мұқтажын әрқашанда ескереміз, басты назарда болады. Шетелдік инвестициялар тек қажетті салаларға ғана тартылады. Жалпы, шетелдік инвестицияларсыз дамушы мемлекеттер өмір сүре алмаймыз. Жапония, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея және тағы басқа елдер инвестиялардың арқасында жетістікке қол жеткізді", — деді Тоқаев.