15 шіл, 2019 сағат 08:41

Тоқаев қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Барлық кінәлі азаматтар жауапқа тартылуы қажет. Арсеналға жақын жер берген мемлекеттік қызметкерлер де жауапқа тартылуы шарт.

Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Алайда біз қазір жүйелік кемшіліктердің, сондай-ақ әскери ведомство тарапынан бақылаудың әлсіреуінің салдарымен күресіп жатырмыз. Қорғаныс министрлігі жүйесіне келгеніңізге көп болған жоқ, алайда саладағы жағдайға толық жауаптысыз. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қорғаныс министрлігінде туындаған жағдайға қанағаттанбаймын. Сондықтан сізге қатаң сөгіс жариялаймын», - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында. 

Мемлекет басшысының қатаң сөгіс жариялағанын естіген қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бірден «Есть!» деп орнынан тұрды.

Осы орайда Президент Арыстағы жарылыстың салдары өте ауыр екенін атап өтті.

«Біз күш-жігерді осы салдарды жоюға жұмылдырдық. Қаланың басым бөлігі қирады», - деді Қ.Тоқаев.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар Арыс қаласына қайтты.