14 ақп, 2018 сағат 12:00

Нығматуллин "әмбебап" қаржы министрін мақтады

Бүгін мәжіліс отырысына келіп, заң жобасы бойынша баяндама жасаған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен "мақтау сөз" естіді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін Мәжілісте Қазақстан мен Беларусь үкіметі арасындағы табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы хаттаманы ратификациялау бойынша министр Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. Ол осы заң жобасы бойынша депутаттардың сұрағына мүдірместен жауап беріп жатқан кезде мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин оның осы өнеріне тәнті екенін айтып қалды.

"Сіздің сұраққа жауап беруіңізге әрдайым тәнті боламын (күледі). Сіз студенттік жылдары үздік студент болған шығарсыз. Сіз емтихан күндері бір аудиториядан кез келген оқытушыға кірген боларсыз. Өйткені барлық сұрақтарға сіздің жауабыңыз әмбебап", — деп әзілдеді Нығматулин.

"Қызыл диплом…", — деп жауап берді оған Сұлтанов.

"Оған ешкім күмән келтірмейді", — деген төрағаның сөзіне депутаттар қосылып күлді.