28 ақп, 2017 сағат 10:21

Сұлтанов: Білім министрлігінің тың жобалары мемлекетке қымбатқа түседі

Бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Білім және ғылым министрлігінің тың жобаларын мемлекет бюджеті есебінен қаржыландыру қиынға соғатындығын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Қолданыстағы ақпараттық жүйелерді бір ретке келтіру қажет. Біз оны құптаймыз. Республикалық бюджет комиссиясында Білім және ғылым министрлігінің бюджеті талқыланған болатын. 61 млн теңге осындай техникалық және экономикалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажет болды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінде осы бағдарламаны жүзеге асыруға тиісті қаражат бар. Қаржыны тезірек бөлу қажет», - деді ол.

Алайда Бақыт Сұлтанов Білім министрлігінің қолға алған жаңа бастамаларын алдағы уақытта мемлекет бюджеті есебінен қаржыландыру қиынға соғатынын алға тартты.

«Дегенмен айта кететін бір мәселе бар. Біраз бастама көтеріліп жатыр. Мысалы, мектептерде балалар үшін жеке шкафтар қою, сумен жабдықтау және ақпараттық жүйені бір ретке келтіру. Бастамалардың әрқайсысын қаржыландыра берсек, бұл қымбатқа соғады. Мәселен, алдыңғы жүйеге 36 млрд теңге бөлінген болатын. Сол себепті болашақта жаңа тәсілдерге көшуіміз керек», - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, бұл бағдарламаларды қаржыландыру үшін жаңа тәсілдер қажет.

«Алдағы уақытта жан басына шаққандағы қаржыландыру туралы ойлану керек. Елбасы мұны биылғы Жолдауында айтқан болатын. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке көшуге негіз болады. Сонда осындай принциптерді, талаптарды бір жүйеге келтіреміз. Осы қаржыландыру әдісі ұтымды жұмыс істейтін болса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігі арта түседі», - деп түйіндеді сөзін Бақыт Сұлтанов.