24 қаң, 2020 сағат 14:49

«Шешімдер баяу қабылданады»: елді алаңдатқан мәселелер - Президенттің бақылауында

Бүгін Ақордада өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берілді. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмаларының орындалуы талқыланды.

Президент «Экономиканың негізгі салаларында оң үрдіс бар» деп атап өтті және өзінің сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын талқылауды ұсынды.

Бірінші болып Премьер-Министр Асқар Мамин баяндама жасады.

Ол «ел экономикасы тұрақты даму жолында» деп атап өтті. Өткен жылы Қазақстанның ЖІӨ 4,5%-ға өсті, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 4,4%, тау-кен өндірісі 3,7% өсіпті. Және ең төменгі жалақыны көбейту арқылы «2,7 миллион азаматтың жалақысы көбейтілді» дейді. Үкімет басшысы еңбек нарығындағы жағдайды тұрақты деп атады: яки 423 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның 279 мыңы – тұрақты-мыс.

Премьер-министр жекешелендіру жоспары «93%-ға аяқталғанын» және Үкімет «бизнеске қатысты әкімшілік кедергілерді алып тастау үшін» жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Маминнің айтуынша, Үкімет инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, отын-энергетикалық кешенді дамыту және басқаларды қоса алғанда, жеті стратегиялық бағытқа баса назар аударды. 2020 жылы бұл бағыттардағы жұмыстарды жалғастыруға ниетті екен.

Премьердің сөзінен оқырман қауым болып мына түйткілдерді түйіп алайық және есте сақтайық: ол 2020 жылы Қазақстанда 430 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп уәде берді. 2020 жылы Қазақстанда 200 жаңа мектеп пайдалануға берілмекші және 2026 жылға дейін елде 19 ірі медициналық орталық құрылады.

Әсіре оң бағалаулардан тыс халық сезбей және көрмей өте бұлтармас теріс нәтиже де мойындалды. Өйткені бұл халықтың тікелей тұтынатын бастапқы тауарына қатысты. 10 аймақта бағаның жоғарылауына жол берілді, ең үлкен өсім Атырау, Павлодар, Алматы, Орал, Көкшетау қалаларында болды.

«Биыл Қазақстан 90 миллион тонна мұнай мен 56,5 миллиард текше метр газ өндіруді жоспарлап отыр. Отын-энергетикалық кешен жобаларына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 2 трлн. теңгені құрады», - дейді премьер.

Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 106%-ға, жергілікті бюджет 103%-ға орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығындары - 14 трлн. 180 млрд. теңге - 99,7%-ға орындалды. 2019 жылдың соңында «Самұрық-Қазына» қоры қаржылық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсетті - таза кіріс 1,3 трлн теңгені құрады.

Сыртқы сауда айналымы 97 миллиард долларға жеткенін айта келе, Премьер экспорт пен импорт балансын айқындамады. Дегенмен 25 миллиард доллар инвестиция тартылғанын ескерсек, бұл жалпы жаман көрсеткіш болуы тиіс.

FlyArystan лоукостерін енгізілгенін айтқан Үкімет басшысына мына екі нәрсені назарда ұстауын қалар едік: лоукост сөзінің мағынасын, бағыттардың көбі шын мәнінде қамтылмағанын және қауіпсіздік жағдайын.

Үкімет 2020 жылы Интернетке халықтың 93% қол жеткізеді деп күтеді. Ести алатын мемлекет болуы үшін бұл көрсеткіш те қажет, Үкімет отырыстарының эфирлік ашықтығы да қажет.

Ұлттық банктің басшысы Ерболат Досаев не деді? Ол өткен жылы теңгенің 0,4 пайызға нығайтылғанын және доллар «өте тар шеңберде» тұрғанын, 2019 жылдың соңында инфляция 5,4%-ды құрағанын және оған негізгі үлесті азық-түлік бағасының өсуі қосқанын айтады.

Ұлттық Банктің Төрағасы Қазақстанда теңгенің еркін өзгермелі бағамын ұстап тұратынын мәлімдеді. Өткен жылдың күзінде Тоқаев теңгенің еркін жүзуін сақтау керек пе, жоқ па деген сұрақты зерделеуді тапсырған еді.

Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің едәуір өскені қисынды. «Тек 2019 жылдың өзінде халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдер саны 2 еседен астамға өсті. Күн сайын тұрғындар 37 млрд теңге сомасында 4 миллионнан астам қолма-қол ақшасыз транзакцияларды жасайды, алайда мұндай өсуден бюджетке тиісті қаржы әсері әлі болған жоқ». Осы орайда біз бұл процесске мейлінші үлес қосқан нақты қаржы субъектісінің атауын атамасақ та, ішің білсін әлу-ай.

Тоқаевтың Досаевқа қойған Ұлттық қордың активтерін жақсартуы жайлы сауалына қордың былтырғы валюталық кірісі 4,2 миллиард долларды құрағанын айтты. «2020 жылдың қорытындысы бойынша біз Ұлттық қорды басқаруға оң нәтиже береміз», - деп уәде берді Ұлттық банк төрағасы.

Үшінші спикер - әлеуметтік блок бойынша вице-премьер Бердібек Сапарбаев. Ол алдыңғы спикерлер секілді жақсы нәтижелерден бастады: оның мәліметтері бойынша, өткен жылы Қазақстанда 136 мың отбасы «ауыр қажеттіліктен арылған», 150 мың отбасы жеке шаруа қожалықтарын құрған, 2019 жылы жұмыссыздық деңгейі 0,1% төмендеген. Негізі, әрбір есебінде жұмыссыздың деңгейі түскенін баяндайтын шенеуніктерге сенсең, қазір бәрінде екі жұмыстан секілді көрінеді.

Бастысы, 2020 жылы үкімет 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық балаларды балабақшамен қамтамасыз етуге уәде берді.

Президент Сапарбаевтан үкімет республикадағы қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың жалақы теңсіздігін болдырмау үшін не істеп жатқанын сұрады. Вице-премьердің айтуынша, шетелдіктер республикадағы 2 мың кәсіпорында жұмыс істейді, ал мемлекеттік органдар өткен жылдан бастап оларды белсенді тексеріп жатыр. Нәтижесінде 500 шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылды. Сондай-ақ, ол шетелдік жұмыс күшін тартуға квота мөлшерін 40%-ға - 2020 жылы 29 мың адамға дейін қысқартуды еске түсірді (бұл Тоқаевтың бұйрығы - Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысында айтылды).

Жиынның төртінші спикері - елорда әкімі Алтай Көлгінов. Кезекті оң цифрден бөлек, Үкімет елордадағы Қабанбай батыр даңғылының 8 жолақты жолға дейін кеңеюін қолдағынан баяндады. Сонымен қатар үш көпір салу жоспарлануда, әкімдік биыл басталған, бірақ аяқталмаған елордадағы 20-дан астам «проблемалық» үйлердің мәселесін шешеді деп уәде берді.

Астанамыз - біздің мемлекетіміздің витринасы деп атаған Тоқаев әкімнің халықпен жұмысына жалпы оң бағасын берді. Сонымен қатар, астананы, әсіресе шет аудандарды тұрғын үймен, көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесі аса өткір. Егер маман жеткіліксіз болса, бұл жұмысқа маман адамдар алыңыз» - деді президент елорда әкіміне.

Өзге әкімдер өңірлік жетістіктерге назар аударды. Президент Семейге тарихи орталық мәртебесі берілетінін хабарлады. Жол құрылымы тіпті әзілге айналған қаланы ретке келтіруге назар аударуды сұрады.

Оған қоса, Тоқаев Алматы облысындағы газдандыру деңгейіне наразы. Ол облыс әкімі Амандық Баталовтан аймақтағы елді мекендердің неге тек 30%-ы газдандырылғанын сұрады.

Әкім «бәрі жоспарға сәйкес жүріп жатыр» деп, аймақ ірі елді мекендерге газ құбырларын дербес тартып жатқанын айтты. Биыл газдандыру деңгейін 56%-ға жеткізу жоспарлануда.

Президент екінші жартыжылдықта аймаққа «іссапарға барып, жұмысты тексеруге» уәде берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің сөзінен басты месседждерді саралайық.

Ол экономиканы несиелеу стагнацияда деп атап өтті және Қазақстан өткен жылы инфляция тұрғысынан ЕАЭО чемпионы атанды дей келе, еңбек өнімділігінің баяу өсуіне және шикізаттық емес экспорт үлесінің өсуіне назар аударды.

Сапаны сұраған Тоқаев шешім қабылдау деңгейіне және қарқынына наразы.

«Шешімдер баяу қабылданады, көптеген актілер мен мақұлдау деңгейлерін ескере отырып, бұлай жұмыс жасай алмайсыздар. Президент бақылаушы бола алмайды және премьер-министр мұндай режимде жұмыс істемеуі керек. Мемлекеттік аппарат тиімді және жедел жұмыс істеуі керек», - деді ол.

Тоқаевтың пікірі бойынша, экономикалық реформаның негізі:

- көптеген жұмыс орындарын құрумен және лайықты еңбекақы төлеу арқылы халықтың кірістерінің өсуі;

- адами капиталды жақсарту;

- айқын және прагматикалық салық саясатын құру;

- ақша-несие саясаты, серпінді қаржы нарығы экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету;

- жеке кәсіпкерлікті дамыту және бәсекелестікті қорғау;

- медицинадан бастап қаржы нарықтарына дейін заңнамасын жетілдіру болуы керек.

Президент үкіметке, президент әкімшілігіне және «Атамекен» ұлттық палатасына экономикалық реформалар туралы құжатты 15 мамырға дейін дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ Президент әкімшілігі жанындағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және бақылау орталығы құрылатын болады. Ол «ерікті негізде жұмыс істейді, бәлкім, ол президент жанындағы реформа агенттігіне айналады». Президент жаңа қаржылық бақылау агенттігіне қаржы секторын жақсарту тәсілдерін жедел әзірлеуді тапсырды.

Қаржы жүйесін теріс бағалаған ел басшысы банктердің рөлінің төмендеуіне назар аударды: «Корпоративті бизнесті несиелеу азайды, ШОБ - 18%, ауыл шаруашылығы - 48%». Сонымен бірге тұтынушылық несиелеу өсуде, мұнда несиелердің үштен екісі кепілсіз беріледі.

Тоқаев фискалдық саясатты да реформалау қажет деп санайды. Президент сонымен бірге квазимемлекеттік сектордағы шығындарды оңтайландыруды тапсырады. «Ауыртпалықсыз кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтау» қажет. Сонымен қатар, «қымбат көліктерді, жиһаздарды сатып алуға жәнефорумдар санын қысқартуға ұзақ мерзімді мораторий қажет» деп тапсырма берді.

Тоқаев сондай-ақ Қорғастағы халықаралық сауда нүктесінің жұмысын сынға алды. «Қорғас жоғары тиімділікпен мақтана алмайды. Шекара маңындағы ынтымақтастық жеңілдетілген импортқа айналып кетті», - деді президент. Ол 2025 жылға дейін сауда саясатын дамыту бағдарламасын дайындауды тапсырды.

Президент «ашық аспан» саясатын «белсенді түрде» жалғастыру қажет деп санайды.

Вице-премьер Роман Скляр бұл саясат қазірдің өзінде 11 әуежайда қолданылады және жазда үкімет рейстер ашуға мүдделі жаңа әуе компанияларының Қазақстанға келуін күтеді деп атап өтті.

Тоқаев Склярдан Алматы маңындағы «Бек Эйр» ұшағының апатында зардап шеккендерге өтемақы туралы сұрады. Премьер-министрдің орынбасары үкіметтен 4 миллион теңге көлемінде төлемдер жасалғанын, сақтандыру компаниясынан қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына төлемдер жақын арада жасалатынын айтты.

Президенттің жекешелендіру қарқынына көңілі толмайды. Оның айтуынша, әкімдіктер мен ұлттық компаниялар үнемі жекешелендіру шарттарын өзгерту туралы өтініш білдіріп отырады. Тоқаев жекешелендіру нысандарының тізімін кеңейтуді тапсырды.

Премьер-министр Мамин кездесу басында жекешелендіру жоспары 2019 жылы 93 пайызға аяқталғанын мәлімдеді.

Президент «Бәйтерек» холдингін де түйреп өтті - реформалауға күш салғаны көрінбейді. Қазір оның құрамында 63 ұйым, 11 филиал және 2800 қызметкер бар. Холдингтің әкімшілік шығындары өткен жылы 54 млрд. теңгені құрады.

Президент агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың «жаңа тексерілген тәсілін» табуды тапсырады.

«Агроөнеркәсіп кешені - көп тәжірибе жасалынған сала. Нәтижесінде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай зиян келдіОл бес жылда салаға салынған қаржы 2,4 трлн. теңгеден асты, ал ауыл шаруашылығының ЖІӨ-ге қосқан үлесі 4% -дан аспайды, ал еліміз өнімдердің жартысын импорттайды», - деді Тоқаев.

Оның пайымдауынша, халықтың табысының өсуі «тек мемлекеттік қолдаудың есебінен», және инфляция деңгейі жоғары болып қала береді. үкімет «азаматтардың табысын арттыру және бәсекелестікті арттыру мәселесін шеше алмады». Ол азаматтардың нақты кірістерін, соның ішінде ең төменгі жалақыны өсіру бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

Тоқаев үкіметке «әлеуметтік салада түгендеу жүргізуді» тапсырды. Оның пайымдауынша, атаулы әлеуметтік көмекті есептеудегі кемшіліктер «түзетілген», бірақ әзірге үкіметте бұл мәселе бойынша «нақты ұстаным жоқ».

Үкімет жылдың ортасына дейін зейнетақы жүйесін модернизациялаудың контурын анықтауы керек. «Біздің мақсатымыз қазір барлық жинақтарды тарату емес. Біз жалақыны көлеңкеден алып тастау үшін ынталандыру жасауымыз керек», - деді президент.

Тоқаев оған қоса барлық мектептер мен балабақшаларды 2020 жылдың соңына дейін бейнебақылау жүйелерімен және тұрмыстық құрылғылармен жабдықтауды тапсырды.

Ел Президенті Бас прокурорға ЕАЭО елдерінен әкелінетін автомобильдердің жағдайына құқықтық баға беруді тапсырды, президенттің айтуынша, олардың көп бөлігі Қазақстанда тіркелмеген.

«Үкімет бір ай ішінде ЕАЭО елдерінен жеке қолданысқа енгізілген автомобильдердің уақытша тіркелуін қамтамасыз етеді. Тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды», - деп ескертті ол.

Бұл жағдайда мұндай автомобильдер техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуі керек.

Азаматтар «тіркеу жарнасын және алымды төлеуі керек», олар автомобильдерді басқа адамдарға беру құқығын алмайды. Сонымен бірге, 2021 жылдың 1 наурызына дейін мұндай көліктердің иелері кедендік төлемдер мен кейінгі кәдеге асыру (утиль) төлемдерін төлеуі керек немесе машиналарды елден шығаруы керек, деп нық атап өтті Президент.

Қорытындысында «Бүгін мен сөгіс жарияламаймын, бірақ кемшіліктер жеткілікті. Мен барлығына кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беремін. Баға көтерілгені үшін қатаң шаралар қабылдануы мүмкін», - деді Тоқаев.

Бұл - аралық кезеңде ел басқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен үкіметтің екінші кеңейтілген отырысы. Президент елді толғандырған түрлі мәселелер оның айқын бақылауында екенін аңғартты.

Кездесуден кейін облыс пен қала әкімдерінің қатысуымен жиналыта жеке тапсырмалар берілді.