02 мау, 2018 сағат 12:14

Сенатор ұстаздардың жалақысын көтеруді талап етті

Ақша керек. Мұғалім де бала-шағасын асырауы, оқытуы, үйлендіруі, денсаулығын қаратуы, қыл аяғы тамақ ішіп, киім кіюуі де керек қой. Мұғалімдердің көпшілігі баспанасыз, пәтер жалдап тұрады. Үй салу, бала оқыту, тіпті, той өткізу үшін де несие алуына тура келеді. Егер ең көп кредит алатын мамандарды анықтайтын арнайы сауалнама жүргізілсе, мұғалімдер мен дәрігерлер болып шығатыны анық. Неге? Өйткені олардың жалақысы тым төмен. Әлемде, Мексика, Германия, АҚШ, Испания, Австралия сияқты елдерде ұстаздар еңбегіне ерекше құрметпен қарайды екен және олардың жалақысы да жоғары. Ұстаздардың көңілін түсіріп олардың қанша алатынын, ал біздің ұстаздардың қанша жалақыға жұмыс істеп жүргенінің салыстырма кестесін келтірмей-ақ қояйын.

Қазір ұстаздық қызметке баратын жастар, олардың ішінде ер азаматтар аз деп дабыл соғамыз. Оқу сапасы туралы да көп айтылады. Сапа мен мамандар еңбегін бағалау мәселесі қатар жүретін ұғымдар. Бағаланбаса, жақсы ұстаздар күнкөріс үшін басқа жұмыстарға кетуге мәжбүр болады. 

Сенат отырысында сенатор Бірғаным Әйтімова Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа ұстаздардың жалақысын жоғарлату туралы депутаттық сауал жариялады.

– Елбасы Жолдауында жарияланған тапсырмасын орындау мақсатында бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне лауазымдық жалақысынан 30% мөлшерінде үстемақы орнатылды.

Депутаттық корпустың еліміздің өңірлеріне жасаған көшпелі іс-шаралар барысында орта білім беру ұйымдарының педагогикалық құрамы тарапынан аталған үстемақыға байланысты бірқатар наразылықтар айтылды.

Біріншіден. Іс жүзінде бүгінгі үстемақы нормативтік жүктеме сомасына ғана белгіленеді, яғни 18-сағат және одан аспайтын көлемдегі сабақтар жүргізуге. Осылайша, бір жарым мөлшерлеме жүргізетін мұғалімдер тек нормативтік оқу жүктемесі үшін үстемақы алады.

Бұл шешім мұғалімдер жағдайын нашарлатады және бір педагогикалық ставкаладан көп оқытуға ынталандыру жоқ болғандықтан мұғалімдер құрамының тапшылығын ұлғайтуға әкеп соғуы мүмкін деп ойлаймыз.

Екінші. Үкіметтің 2018 жылғы 7 ақпандағы № 42 қаулысына сәйкес білім беру саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемақыны аударуды ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылуы тиіс.

Алайда, кейбір өңірлерде жергілікті атқарушы органдар осы уақытқа дейін төлемдерді бөлу мен аудару бойынша қаржыландыруға кіріспеген. Жергілікті атқарушы органдардың бұл саясаты әкімдіктер атынан республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттердің болжамымен арттырылады.

Сенатор Б.Әйтімова депутаттық сауалында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесі бойынша қалыптасқан жағдайды реттеуді және ерекше бақылауға алуды, қалыптасқан жағдайды шешу бойынша пәрменді шаралар қабылдауды талап етті.

Ұстаз деген ұлы мамандық. Мемлектетіміздің болашағы болып табылатын әр балаға олар білім нәрін береді, еңбегін, өмірін, денсаулығын сарп етеді. Егер біз шын мәнінде санасы жаңғырған, әлемдік технологиялық революцияның жетекшісі бола білетін интеллектуал балалар тәрбиелегіміз келсе ұстаздардың жағдайын жақсартуымыз керек.

Әділбек Қаба