31 мам, 2020 сағат 13:51

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемкомиссияның миссиясы жарияланды

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның миссиясын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылғандығын жария етті. Бұл - тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі еліміздің кезекті қадамы. Сол жылдардағы қуғын-сүргін - тарихымыздың жанындағы жазылмаған жара. Процестердің бұқаралығы, жабықтығы, құпиялығы өкінішке орай, көптеген ақтаңдақ қалдырды. Кінәсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығы бірдей ақталған жоқ. Біздің мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні 6 мыңға жуық істі қарау қажет. Халқымыздың құқы үшін де күрескендерді ақтауға тиіспіз. Мәселен, 1910-1930 жылдардағы халық көтерілісіне қатысушыларды айталық, 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан 500 адамның тек үшеуі ғана ақталған»,- деп жазды Дәурен Абаев желідегі парақшасында

Оның атап өтуінше, тарихты өзгертіп, тас-талқан болған тағдырларды қалпына келтіре алмаймыз. Өлгендерге қайта өмір беру де мүмкін емес. Бірақ, олардың ұрпақтары, келешек қазақстандық ұрпақтар алдындағы парызымыз - кінәсіз сотталғандардың жарқын бейнесін сақтау.

«Жаңадан құрылған органның миссиясы - саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай саяси және заңды түрде ақтау жақсатында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру. Президенттің комиссия алдына қойған міндеттері және оның аясында жүргізілетін жұмыстар мынадай: Біріншіден, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамалық ұсыныстар әзірлеу; Екіншіден, жапай саяси қуғын-сүргін құрбанына теңестірілетін және саяси ақтауға жататын тұлғалар санатын бекіту; Үшіншіден, ақталғандарды мәңгі есте қалдыру, олардың жерленген жерлерін іздеу және күтіп-ұстауды ретке келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу; Төртіншіден, ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтінімдер мен шағымдарды қарау. Аталған міндеттер мемлекеттік комиссия жұмысы сұлбасын нақты бейнелейді. Оның барысы жайында қоғамға тұрақты түрде ақпарат берілетін болады», - деді Дәурен Абаев.