24 мам, 2017 сағат 13:08

"Санкт-Петербург - кітапқұмарлар қаласы" (фото)

Бұл қалаға келген жанның әдеби атмосфераны сезінбеуі мүмкін емес. Осыған дейін Питер тұрғындарының кітапты көп оқитыны туралы аңызды талай естідік қой. Бірақ көзбен көргеннің әсері басқа екен.

Метро, автобус, қоғамдық орындар, ең аяғы кафе-мейрамханаларындағы адамдарына дейін қолдарындағы кітапқа үңіліп отырғанын көресің. Мынандай ортада жүріп, кітапты жақсы көрмеу мүмкін емес шығар. Жас демейді, кәрі демейді, барлығының қолынан кітап түспейді. Және не көп, кітап дүкені көп. Айжан екеуміз таңертең музейге немесе өзге де көруіміз тиіс жерлерді жоспарлап қонақүйден шығамыз, бірақ жолдан кітап дүкені кездессе, ішіне кіріп айналшықтап шыға алмай қаламыз. Аяғында "Қой, кітап алмай тұра тұрайық. Әлі де көруіміз тиіс жерлер бар. Соларды көріп бітейікші, сосын аламыз" деп бірімізді-біріміз сүйрегендей болып шығарамыз. Соның өзінде әр кірген дүкенімізден бірдеңе іле кетеміз. Ақыры не керек, сөйтіп жүріп баратын жерімізге түсте әрең жетеміз ғой. Өйткені дүкендерінің іші кірсең шыққысыз, көздің жауын алардай әсем. Өзге әлемге түсіп кеткендей боласың. Ал сырты кірмесіңе қоймай, көзіңді арбап тұрады. Ең аяғы кафе-ресторандары да жазушыларының атымен аталады. Анау бір суреттегі фото кезінде Пушкин аялдаған кафе. Атақты ақын отырған орындыққа оның мүсінін орнатып, "литературное кафеге" айналдырып қойған.


Айтпақшы, Эрмитажды аралап жүріп, бір тамаша бөлмеге тап болдық. Өзім интернеттен көріп, кітаптарына қызығып жүрген бір сурет болатын. Оған қарап, болашақта үйім болса, бір бөлмесін осындай кітапханаға айналдырсам ғой деп армандап қоятынмын. Ақыры не керек, сол фотодағы кітапхана Эрмитажда алдымнан шығады ғой. Сөйтсек, ол ІІ Николай патшаның кітапханасы екен ғой! Керемет енді!

Ал мына суреттер сөзімнің дәлелі. Бәрін де өзіміз түсіргенбіз.

Марфуға Шапиянның фейсбуктегі жазбасынан