26 шіл, 2016 сағат 15:05

Самұрық-Қазынаға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді тоқтату керек

ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Bnews.kz сайтына берген сұхбатында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ соңғы жылдардағы шығыстары мен кірістерін саралай келіп, Қорға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді тоқтату керек деп мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, компания бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланып отыр.

Депутат бұндай мәлімдеме жасар алдында, өзінің «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-на депутаттық сауал жолдап, оған алған тиісті жауабын саралап алғанын жеткізді. Н.Сабильянов Қордың жарғылық капиталындағы 5,0 триллион теңге салымнан, неге ауыз толтырып айтатын дивидендтердің жоғын сұраған. Жауабында Қор басшысының орынбасары Елена Бахмутова былтырғыдан /2014/ 30%-ға  көп, яғни 304 млрд.теңге таза табыс алғандарын баяндаған.

Алайда депутат, «Самұрық-Қазына» Қорының шоғырландырылған қаржылық есептілігін зерделеу кезінде, бұл «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның тиімді жұмысы емес екендігі анықтаған. Н.Сабильянов Қор ненің арқасында табан асты табысқа кенеле қалғанын былайша түсіндіреді.

«Біріншіден, Самұрық-Қазына Қоры  683 млрд.теңге пайданы  оң бағам айырмашылығы  арқасында алған, оның ішінде ҚазМұнайГаз БӨ-де 448,9 млрд.теңге, яғни доллар бағамының күрт өсуінен болған (теңгенің құнсыздануына дейін және кейін де қаражат доллармен банкіде болған). Екіншіден, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ 261 млрд.теңге пайдасы, табысы KMG International кәсіпорының акцияларын сату есебінен  алынған. Үшіншіден, 149 млрд.теңге пайда бірлескен және қауымдасқан компаниялардан түскен табыс», — деп Қордың әр табысын жеке жеке жіліктеп береді.

Ал Қордың шығындарды талдағанда бәрібір кіріспен сәйкес келмейтінін айтады.

«Операциялық қызметтен шығыстар 2015 жылы —  481 млрд теңге болған. Соның ішінде 292 млрд теңгені құрайтын «құнсыздану» бабы бойынша көрсетілген шығын – бұл менеджменттің тиімсіздігінің тікелей көрсеткіші, себебі ол түрлі тендерлерде негізгі құрал-жабдықтар алу кезіндегі көтеріңкі баға үшін, сонымен қатар жалған кәсіпкерлікпен байланысты айыппұл мен өсімпұл үшін  болған. Осылайша, 2015 жылы негізгі құрал-жабдықтарға құнсыздану 132млрд теңге болған қосымша құн салығының құнсыздануы  54,0 млрд теңгені құрады және басқа да позициялар бойынша 106 млрд теңге» , -дейді Н.Сабильянов.

Осылайша Қордың шығысы мен кірісін жіліктеп берген депутат Есеп Комитетінен Қорды тексеру кезінде құнсыздау мәселесіне назар аударуды сұрады.

 Депутат келтірген тағы бір дерек. 2015 жылы Самұрық-Қазына Қорының жалпы және әкімшілік шығыстары 380 млрд теңгені құраған, өткен жылғымен /2014 ж./ салыстырғанда  бұл 24,0 млрд теңгеге өскен. Жалақы мен консультациялық шығынның өсімі 12 млрд теңге болған.

«Осылайша, Елена Бахмутованың  Мәжілісте баяндаған Самұрық-Қазына Қорының қызметінің  барлық табыстылығы Қор менеджментінің тиімділігінен емес екені көрініп тұр. Бұл салықтың төмендеуі мен оң бағам айырмашылығы арқасында ғана болған. Сонымен қатар, тағы да бір айтатын мәселе, 2015 жылдың 31 желтоқсанында «Самұрық-Қазына» Қорының кредиттік мекемелерде, банкттерде 2 158 млрд теңге қаражаты болған, соның ішінде банкілік депозиттерде 1 800 млрд теңге», — дейді депутат Нұртай Сабильянов.

Міне, осындай нақты себептерге байланысты депутат Нұртай Сабильянов  «Самұрық-Қазына» Қорының жарғылық капиталына республикалық бюджеттен қаражат беруді тоқтату керек деп есептейді.

Сабильянов келтірген сандар бұнымен де біткен жоқ. Депутаттың дерегі бойынша, «Самұрық-Қазына» Қорының таза табысын бөлген кезде оның кем дегенде 70% дивиденд ретінде республикалық бюджетке аударылу керек екен. Ал өткен жылдарда бұл 12%-15% ғана құраған (2014 ж. — Қор 271 млрд.теңге таза табыс алған, ал  бюджетке төленген дивиденд 34 млрд.теңге болған, бұл 13%).

«Мемлекеттік пакеттерге Самұрық-Қазынаның бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялармен төленген дивидендтер  тікелей республикалық бюджетке аударылу керек», — дейді депутат.

Міне, осы келтірілген нақты дәлелдерге байланысты депутат Н.Сабильянов, жалпы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінің тиімділігін бағалайтын жүйені әзірлеу қажет деп есептейді.