23 қаз, 2018 сағат 10:02

Сағынтаев: "Мейрамханалардың қызмет көрсетуі сынды мәселерді де шешу қажет..."

Шетелдік инвесторлардың қызметкерлеріне де әлеуметтік жағдай жасау қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет басшысы елімізде Іскерлік кеңестер, физнес форумдар, инвестициялық форумдар жиі өтетіндігін және оларға талдау жасау қажеттігін атап өтті.

«Форумдарда көптеген меморандумдарға қол қоямыз. Соңы немен бітеді? Мәселен, қазір әрбір облыста инвестициялық форумдар өтіп жатыр. Ол жақсы, әр облыстың мүмкіндігін көрсету қажет. Сол инвестициялық форумдарда қол қойылған меморандумдардың қанша пайызы іске асырылуда? Егер іске асырылмаса себебі не?», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол Қазақстан экономикасына инвестиция салатын инвесторлардың өздеріне де, қызметкерлеріне де әлеуметтік жағдай жасау мәселесіне тоқталды.

«Олар осында қаржы құйғаннан кейін қызметкерлерін әкеледі. Сол кезде тіркеу жұмыстары, электронды виза мәселесі, тіпті балаларын мектепке, балабақшаға орналастыру, медициналық көмек көрсету мәселелері қалай шешіліп жатыр, қандай деңгейде көтеріп жатыр? Мейрамханалардың қызмет көрсетуі сынды мәселерді де шешу қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Еске сала кетсек, Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Тікелей инвестициялар қорын құру мәселесі пысықталып жатқанын мәлім етті.