ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ресейлік «Мульт» телеарнасы өзара келісімге қол жеткізді. Бұл туралы министр Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ресейлік «Мульт» телеарнасымен өзара келісімге қол жеткізді. Бұл келісімге сәйкес, телеарнаның өнімдері Қазақстан Республикасының аумағында, мемлекеттік тілде көрсетіле бастайды. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап, «Мульт» телеарнасының эфирінен заман талабына сай түсірілген танымал мультсериалдар және балалар анимациясының озық өнімдерін, біздің кішкентай көрермендеріміз қазақ тілінде тамашалай бастады. Алғашқы кезең болғандықтан, тәулігіне 3 сағат хабар таратылуда. Келешекте қазақ тілінде хабар тарату уақытын көбейтеміз деген жоспар бар» дейді Дәурен Абаев.
Қазіргі таңда «Қағаздар» (Бумажки) және «Сүйкімді қонжықтар» (Ми-мишки) атты мультсериалдардың дубляжы толық аяқталдған. Аталған екі өнім «Қазақстан» РТРК» АҚ «Balapan» арнасынан көрсетіліп жатыр.
«Мульт» телеарнасы «Сказочный патруль», «Лео мен Тиг», «Четверо в кубе» және тағы басқа белгілі анимациялық сериалдарды біздің аудиторияға бейімдеуді жоспарлап отыр.