16 қар, 2019 сағат 13:30

Путин мен Зеленский желтоқсанда "норман төрттігі" саммитінде кездеседі

Франция Президентінің Кеңсесі "норман төрттігі" саммиті 9 желтоқсанда Парижде өтетінін хабарлады.

Украина шығысындағы жағдай және оны реттеу амалдары талқыланатын саммитте Ресей президенті Владимир Путин және Украина басшысы Владимир Зеленский алғаш рет бетпе-бет кездеседі. Соңғы үш жылда алғаш рет өтіп отырған саммитке Франция Президенті Эммануэль Макрон, Германия Канцлері Ангела Меркель де қатысады.

Украина Президенті әкімшілігінің хабарлауынша, саммитке дайындықты Зеленский мен Макрон ұйымдастырып жатыр. Франция басшысы жақын арада Украинаға бармақ. Украина Президенті әкімшілігі хабарламада Макронның "Украина бұдан былай барлық мәселе бойынша Францияға арқа сүйей алады" деген сөзін келтіреді.

Кремль саммит уақытына қатысты түсініктеме бермеді.

Ресей мен Украина арасы 2014 жылы Ресей Қырым түбегін аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткеннен кейін ушыққан. 2014 жылдың сәуір айынан бері қарулы қақтығыс кезінде 13 мыңнан астам адам көз жұмған.

Осы аптада Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Зеленский мен Владимир Путин арасында Нұр-Сұлтан қаласында келіссөз өткізуді ұсынған болатын. Киев пен Мәскеу бұл ұсынысты қабылдамады.

"Норман төрттігі" саммиті - Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлігінің кездесу форматы.