20 ақп, 2020 сағат 14:52

Бас прокуратура 22 ақпанда көшеге шығатындарға ескерту жасады

ҚР Бас прокуратурасының сайты Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібіндегі үндеуін жариялады.

"Бас прокуратура түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, жекелеген адамдар, соның ішінде шетелден, сондай-ақ тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ("ҚДТ") экстремистік ұйымының жақтастары әлеуметтік желілерде ел тұрғындарын заңсыз митингілерге қатысуға шақыруын жалғастыруда", - деп жазылған Дембаевтың үндеуінде.

Бас прокурордың орынбасары Мұхтар Әблязовтың билікті күшпен құлатуға және басып алуға, әлеуметтік араздықты қоздыруға жария шақыруына байланысты "ҚДТ" ұйымы Қазақстанның барлық аумағында экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынғанын ескертті.

"ҚДТ" экстремистік ұйымы бейбіт ұйым болып табылмайды. Оның қызметіне қатысу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258 (экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік) және 405-баптарына (экстремизмді жүзеге асыруға байланысты оның қызметіне тыйым салу туралы соттың шешімі бар ұйымның қызметіне қатысу) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады.

Сондай-ақ, бас прокуратура бұқаралық іс-шараны өткізуге рұқсат алғанға дейін оны ұйымдастырушының, өзге де тұлғалардың бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернетте немесе басқа ақпарат желілерінде оның өткізілетін күні, орны мен уақыты туралы жариялауға құқығы жоқ екенін ескертті.

"Сонымен қатар, олардың осы мақсатта парақшалар, плакаттар және өзге де осындай материалдарды дайындауға және таратуға құқығы жоқ. Аталған ережелерді бұзған ұйымдастырушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылады", - деп түсіндірді Дембаев.

Басқаша айтқанда, 2020 жылдың 22 ақпанында заңсыз акцияларды ұйымдастырып, өткізгендер үшін әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданады. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, онда кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

"Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 қарашадағы №273-VІ ҚРЗ Заңымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 2019 жылғы желтоқсаннан бастап кәмелетке толмаған адамды заңсыз жария акцияларға тартқаны, сол сияқты оны қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң нысандарында пайдаланғаны үшін жауаптылық енгізілгенін түсіндіреміз.

Осы құқық бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 128-бабының 2-бөлігі бойынша жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау көзделген.

Осыған байланысты, кез келген адамның рұқсат етілмеген жария іс-шараларды ұйымдастыру немесе оған қатысу жөніндегі іс-әрекеттерінің жолын құқық қорғау органдары заңмен көзделген жауаптылық шараларын қабылдай отырып, кесетін болады.

Бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, қолданыстағы заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және заңсыз жария акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады" делінген үндеуде.