23 шіл, 2019 сағат 21:44

Президент тапсырмасымен браконьерлікпен күреске бағытталған заңнама күшейтіледі

Браконьерлікпен күресті күшейту үшін Президент тапсырмасына сәйкес қылмыстық заңнама күшейтілетін болады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі қайғылы оқиғадан соң, Президент тапсырмасына сәйкес қылмыстық заңнама күшейтіледі. Министрлік браконьерлермен күресу үшін, заң жүзінде нақты қадамдарды қолға алады. Мұндай орны толмас қайғылы оқиғалар қайталанбауы қажет», - деп жазды ведомство басшысы Twitter-де.

Сондай-ақ оның айтуынша, бір айдың ішінде «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары браконьерлермен күресу бойынша теориялық және практикалық арнайы оқудан өтетін болады.

Бұған дейін М.Мырзағалиев браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың жақындарына көңіл айтып, оның отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлім еткен-тін.

«Қаныш Нұртазиновтың туыстары мен жақындарына өз атымнан және министрлік атынан қайғыра көңіл айтамын. Инспектордың артында қалған бес баласы мен отбасына барлық көмек көрсетіледі. Марқұмның жерлеу шараларын өз қолымызға аламыз», - деді ол.

Сондай-ақ министр жараланған инспектор Самат Оспановтың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Еске сала кетейік, 23 шілде күні сағат шамамен 11-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген және киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атылды. Кейін олардың бірі - 1976 жылы туған инспектор көз жұмды. Ал 1975 жылы дүниеге келген әріптесі Жарқайың аудандық аурханасына жатқызылған еді.

«Осыған орай, дереу жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілерді ұстау бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Күдіктілерді ұстауға Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандарының полиция бөлімінің жеке құрамы тартылды. Патрульдік қызмет нарядынан күдіктілердің көлігіне тұспалдау берілді. Жарқайың және көрші аудандардың аумағында 10 блок-бекет қойылды», - делінген ресми ақпаратта.

Аталмыш қылмысты ашу ісін ҚР Ішкі істер министрі жеке бақылауына алған болатын.

Факті бойынша ҚР ҚК-нің 99 бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан Қаныш Нұртазиновтың отбасына көңіл айтып, егерь С.Оспановтың сауығып кетуіне тілектестік білдірді.