20 мау, 2018 сағат 12:40

Орал қаласы маңындағы қалдықтар полигоны жанып жатыр (Видео)

Орал қаласы маңындағы тұрмыстық қалдықтар полигоны үш күннен бері жанып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зачаган кенті маңындағы полигондағы қоқыс 18 маусым күні бастап жанды. Алдыңғы күндері осы кентті басқан көк түтін бүгін Орал қаласының орталығына да жетті.

Әсіресе, көк түтіннің зардабын тартып отырған Зачаган кенті тұрғындары күндіз де, түнде де сыртқа шығып, демалудың мүмкін еместігін айтады.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі полигонның жанып жатқандығын растады.

Өткен жылдан бері тұрмыстық қалдықтар полигоны «ICM Recaicling» ЖШС-на сенімгерлік басқаруға берілген. Жеке мекемеде өртті сөндіретіндей техникалары жоқ.

Кеше кешкісін полигонда болған кезде мұнда бір ғана өрт сөндіретін көлік тұрды. Онда отырған өрт сөндірушілер жаз басталғалы осында екендіктерін, алайда бықсып жанып жатқан қоқысты сөндіруге шамалары жетпейтінін жеткізді.

«Қазіргі кезде полигонда он техника (экскаватор, жүк тиегіш және басқа көліктер) жұмыс жасауда. Олар өртті сөндірумен бірге қоқысты көміп жатыр», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиев.

Айта кетейік, полигондағы мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді.