21 қар, 2019 сағат 10:22

Олеся Кексельге қатысты іс тоқтатылды – Қожамжаров

Бұрынғы Бас прокурор, Парламент Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров Арнайы прокурорлар қызметінің экс-басшысы Олеся Кексельдің ісіне қатысты тергеуге бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Менің білуімше, шағым екі ай бұрын түскен. Сенбі күні оған қылмыс белгілерінің жоқтығына орай іс тоқтатылғаны хабарланған. Алайда бұл тақырып қызу талқыланып жатқандықтан, іс қайта қаралуы мүмкін. Жалпы іс жайында Кексельдің өзінен хабардар болдым. Тергеуші оған телефон шалып, қылмыс құрамының жоқтығына байланысты іс тоқтылғанын айтқан», - деді Қайрат Қожамжаров Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, сенатор Қазақстан азаптауға қарсы конвенцияға қосылғанын, осыған сәйкес ұлттық заңнама сәйкестендірілгенін атап өтті. Азаптау туралы шағым түскенде, құқық қорғау органдары оны міндетті түрде тіркеп, тергеу амалдарын бастайды. Бұл тұрғыда кез келген арыз тексеріледі.

Қ. Қожамжаров Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельді білікті маман және өз ісіне тиянақты маман ретінде білетінін айтты.