22 сәу, 2019 сағат 13:35

Нұрлан Қоянбаевтың президенттік сайлауға түсетіні рас па?

Белгілі КВН-ші, шоумен және продюсер Нұрлан Қоянбаев Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына өз кандидатурасын ұсынуға ниетті. Бұл туралы yvision.kz блог-платформасындағы kay_zz атты автор мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Орталық сайлау комиссиясына сілтеме берген автор "КВН одағы" республикалық жастар қоғамдық бірлестігі алдағы сайлауға өз үміткерлері ретінде Нұрлан Қоянбаевты ұсынғанын айтты.

Оның сөзінше, Қоянбаевтың командасы мемлекеттік қызметтегі бес жылдық жұмыс өтілі туралы заңды талапты қалай айналып өту керектігін де ойлап тауыпты.

Алайда, ақпарат жалған болып шықты. Бұл туралы "Қазақстан КВН Одағы" республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен айтты. 

"Бұл өтірік ақпарат. Мұндай ұсыныс бізге түскен жоқ", - деді Есен Елеукен.

Айта кетейік, күні кеше Украиндағы президент сайлауының екінші кезеңінің қорытындысы бойынша шоумен Владимир Зеленский жеңіске жетті.

Ал Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусым күні өтеді.