29 қар, 2017 сағат 18:07

Нобель лауреаттарына ақша шашуды қою қажет - Құлыбаев

Нобель лауреаттарының артынан көп жүгіре бермей, өзіміздің экономикалық сараптамамызды дамыту қажет. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП президиум төрағасы Тимур Құлыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана экономикалық форумына Нобель лауреаттарын шақырамыз да, тұщымды сұрақ қоя алмаймыз. Шыны керек, оларды антураж үшін шақырамыз. Сырттан біреудің былай-былай істеңдер деп отырғаны дұрыс емес. Біз өз ішімізде нақты шешімге келіп, бағыт-бағдарымызды белгілеуіміз керек. Ұрысамыз ба, дауласамыз ба, бір шешімге өзіміз келуіміз керек. Сондықтан отандық сараптаманы қолданғанымыз жөн. Әйтпесе, ылғи сырттан бір сиқыршыларды күтіп отырамыз. Олай болмайды», - деді Құлыбаев бүгін президиумның кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, Нобель лауреаттары сияқты «қымбат қонақтарды» шақырғанша өзіміздің мамандарды конференциялар мен семинарларға жіберіп, олардың кәсіби дайындықтарын шыңдаған жөн. Сонда еліміздің экономикалық сараптамасы жетіледі. Үкімет пен бизнеске дұрыс бағдар беріледі.

Айта кетейік, бүгінгі отырысқа Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та қатысты. Сол жерде Тимур Құлыбаев арзан ипотека нарығын дамыту қажеттігін айтқан болатын.