23 қаз, 2019 сағат 09:39

Назарбаевқа Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді

Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Марапаттау рәсімі барысында Елбасы Цукуба университеті өзінің терең тарихымен танымал әлемдік деңгейдегі білім беру және зерттеу орталығы саналатындығын атап өтті.

– Жапонияның жетекші оқу орындарының бірі - Цукуба университетінің құрметті докторы атанғаныма қуаныштымын. Сіздердің университет әлемдік деңгейдегі білім беру және зерттеу орталығы саналады. Өзінің терең тарихымен де танымал. Цукубаның Нобель сыйлығы иегерлерін оқытып шығарған жапондық жоғары оқу орындары қатарына кіруінің өзі зор құрметке лайық. Университеттің үш түлегі 1965 және 1973 жылдары - физикадан, 2000 жылы - химиядан Нобель сыйлығын алды.

Сіздің университетіңіз қазақстандықтар арасында да үлкен сұранысқа ие, біздің 105 студентіміз Цукуба дипломын алды. Олардың көпшілігі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев берілген Құрметті доктор атағы бүкіл қазақстандықтарға деген құрметтің белгісі екенін атап өтті.


– 2016 жылы Жапонияға сапар барысында Токай университетінің құрметті докторы атанған едім. Жапонияның лайықты әрі бай дәстүрі бар ғылыми-зерттеу орталықтарының қадір тұтуы - мен үшін үлкен мәртебе және бұл Қазақстанның барша халқына деген құрметтің белгісі. 

Өз тарапымнан Қазақстанда әрқашан білім беру мен жастар саясатын дамытуға үлкен мән бергенімді атап өткім келеді. Елімізде білім беру мәдениеті қоғамның ажырамас бөлігіне айналғаны бізді қуантады.

Цукуба Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ғылыми, академиялық және білім салаларында ынтымақтастықты жолға қойған, білемін. Сондықтан Қазақстандық технологиялық парктермен кооперацияға қосылуға шақырамын», – деді Елбасы.

Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті барлық қатысушыларды император Нарухитоның таққа отыруымен және Жапонияда «Рейва» дәуірінің басталуымен құттықтады.

«Біз алыс көрші болсақ та, өте жақын доспыз. Осы жерде біздің музыкамыздың, ән салуымыз барынша үндес келетіні айтылды. Қазақ пен жапонды айыру өте қиын. Біздің бір-бірімізге ұқсастығымыз таң қалдырады. Бұл да археологиялық тұрғыда зерттеуді қажет етеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.