16 мам, 2018 сағат 15:52

Назарбаев Гейдар Әлиев туралы кітапқа алғысөз жазды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев туралы «Еліне жол ашқан» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әзербайжан көшбасшысы туралы онымен жеке таныс болған президенттердің, әлемге белгілі саясаткерлердің, экономистер мен бизнесмендердің естеліктер жиынтығы осыдан бес жыл бұрын Мәскеуде жарық көрген болатын. Биыл Гейдар Әлиевтің 95 жылдығы қарсаңында кітап қазақ тіліне аударылып, Гейдар Әлиевпен достық қарым-қатынаста болған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғы сөзімен жарық көрді.

«Тәуелсіз Әзербайжанның негізін қалап, тағдыршешті күрделі кезеңде еліне қалтқысыз қызмет еткен, артына өнегелі із қалдырған аса көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің тұлғасы бауырлас халықтар тарихында да айрықша орын алады. Менің Гейдар Әлирзаұлымен таныстығым Кеңес Одағы кезінде басталды. Сенімді достыққа, жарасымды сыйластыққа ұласқан қарым-қатынасымыз Тәуелсіздік дәуірінде нығая түсті. Біз елдеріміз арасындағы байланыстарды дамыту, халықаралық аренада өзара қолдау сынды көптеген мәселелер жөнінде пікірлесіп отырдық», - делінген Елбасының алғы сөзінде.

Гейдар Әлиев туралы естелік авторларының арасында Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета, АҚШ бұрынғы Президенттері Билл Клинтон мен Джордж У. Буш, РФ Президенті Владимир Путин, Израиль Президенті болған Шимон Перес, Грузия Президенті болған Эдуард Шеварднадзе, Украина Президенті болған Леонид Кучма бар. Аударма жұмыстарын Халықаралық Түркі академиясы мен ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы ұйымдастырды.

Сонымен қатар, кітапта алғаш рет КОКП ОК Саяси бюросының құпия сақталып келген Гейдар Әлиевке қатысты құжаттар ұсынылып отыр. Жинаққа енген бірқатар суреттер де бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған.

«Әзербайжан халқы үшін тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Онда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үлкен саяси дағдарыс болды. Таулы Қарабақтағы соғыс, түрлі заңсыз әскери құрылымдар елдің дамуына кедергі келтірді.  Осыған байланысты, әзербайжан халқы 1993 жылы Гейдар Әлиевті ел басшылығына шақырған болатын. Гейдар Әлиевтің алға қойған ең басты міндеті - Әзербайжанның тәуелсіздігін тұғырлы ету болатын. Бұған қол жеткізді, өз еліне дамудың даңғыл жолын салып берді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиевтің достығы екі елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси байланысын ғана нығайтқан жоқ,  екі ел арасындағы достық, ынтымақтастықты да күшейтті. Елбасының бүгінгі кітапқа жазып берген алғы сөзі де аға-досқа деген інілік ілтипаты», - деді Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, жаңа басылым редакция алқасының жетекшісі Махмұт Қасымбеков кітаптың таныстырылымында.

Гейдар Әлиев (1923 - 2003) -  Әзербайжанның тұңғыш Президенті, мемлекет қайраткері. 1993 жылы 3 қарашада Г. Әлиев Әзербайжан Республикасының Президенті болып сайланды. Ол Таулы Қарабақ оқиғасында әзербайжан-армян қақтығыстарының бәсеңсіп, бір қалыпқа түсуіне көп еңбек сіңірді. Сыртқы және ішкі саясатта бейбітшілік, бітімгершілікті сақтауға, экономикалық байланыстар саласында өзара тиімді уағдаластықтарға қол жеткізуге баса көңіл бөлген.