18 нау, 2019 сағат 14:49

Назарбаев Астананың болашақ бас мешітінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы елорданың Есіл ауданында бой көтеретін жаңа мешіттің іргетасын қалады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

– Бұл жерде сәулетті әрі бірегей мешіт салынады. Бүкіл Орталық Азияда бұған тең келер мешіт бола қоймас, – деді жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жаңа мешіт барша мұсылман қауымының мақтанышына айналатынына және Астананың көрікті жерлерінің бірі болатынына сенім білдірді.

– Бұл жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалмайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін арнайы қор құрылды. Оған басқа азаматтарымыздың да қаржылай атсалысуына болады. Тәуелсіздік жылдарында табысқа жетіп, бүгінде осындай игілікті іске қол ұшын беріп жатқан барлық кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл мешіттің Астанаға туристер тартатын жаңа орталықтардың бірі болуға тиіс екенін атап өтті.

– Мешіт – елорда үшін маңызды орын. Біз осындай нысандардың бәрін зерттеп, ішінен ең жақсы жобаны таңдап алдық. Мен оның жүзеге асырылу барысын өзім қадағалап отырамын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, жаңа мешіттің жалпы көлемі - 57 мың шаршы метр. Мұнараларының биіктігі - 130 метр. Күмбезінің диаметрі - 63 метр. Діни кешенде ислам музейі, кітапхана, қолөнер шеберханасы және басқа да мекемелер орналасады.

Бұл нысан ЭКСПО-қалашықтың жанындағы жаңа саябақ аумағында бой көтеріп, көлемі бойынша Ботаникалық саябақтан да үлкен болады. Қала әкімдігінің дерегі бойынша, мешіттің сыйымдылығы - 30 мың адам.


«Бұл тек құлшылық ететін орын емес, қала қонақтары мен туристер келетін елорданың көрікті нысандарының бірі болады. (...) Мен таяуда БАӘ-де болып, алтыннан тұрғызылған шейх Заид мешітін көрдім. Бұл мешіт 3-4 жыл бұрын ғана ашылса да, оған жыл сайын алты миллион турист барады. (...) Алла ісімізге береке берсін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев тас орнату рәсімінде.

Президент бұл нысанның құрылыс барысын өзі бақылайтынын мәлімдеді.


«Астана 2020» қорының атқарушы директоры Нұржан Мыңжасаров журналистерге берген сұхбатында мешіттің тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл ТМД елдеріндегі ең үлкен мешіт болатынын, сондай-ақ әлемдегі осындай ғимараттардың алып ондығына кіретінін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, мешіт екі жылда салынып бітеді.

Айта кетейік, бүгін Vkontakte-дегі «Астана архитектурасы» тобында алып ғимараттың видеоролигі жарияланды.

Еске салайық, қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт саналатын Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің аумағы 17 700 шаршы метр. Оны 2012 жылдың 6 шілдесінде ашты.