23 ақп, 2018 сағат 10:03

Навальный штабының басшысы 30 тәулікке қамалды

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный штабының басшысы Леонид Волков Twitter-де Навальныйдың 28 қаңтар күні ұсталғаны туралы видеоролик жариялағаны үшін 30 тәулікке қамалды. Волковтың хабарлауынша, өзіне қатысты сотқа адвокаттарын әзер кіргізген, журналистер кіргізілмеген. Бұл туралы Азаттықтың қазақ бөлімі жазды.

Волковты 22 ақпан күні Мәскеудің «Шереметьево» әуежайында полиция қызметкерлері ұстап әкеткен. Ол Уфаға жергілікті еріктілермен және саясаткердің жақтастарымен кездесу үшін ұшып бармақ болған. Кейін Волковты полиция бөліміне, одан сотқа апарған.

Алексей Навальный өзін 2018 жылы 18 наурызда өтетін президент сайлауына кандидат етіп тіркеуден бас тартқаннан соң «сайлаушылар ереуілін» өткізуге шақырған. 28 қаңтар күні Ресейдің ондаған қаласында мыңдаған адам қатысқан «сайлаушылар ереуілі» деп аталатын акциялар өткен. Акциялар кезінде Ресейде 350-ге тарта белсенді ұсталған.

Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш пен сайлау кампаниясының баспасөз хатшысы Руслан Шаведдинов та 30 қаңтар күні «Шереметьево» әуежайының төлқұжат тексеру постында ұсталған. Оларға «сайлаушылар ереуілін» ұйымдастырды деген айып тағылған. Олар Литвада отырып шерулерден трансляция жүргізген. Шаведдинов сегіз тәулікке, Ярмыш бес тәулікке қамалған.